Еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, қараша айының 1-5 аралығында Степногорск қаласында ХІІ ұлттық дельфи ойындары өтпек.
Дельфи ойындары — классикадан бастап қазіргі заманға дейінгі өнердің барлық түрін қамтитын жарыс. Байқауда талай жас таланттар бір арнаға тоғысып, үздіктің үздігі анықталады. Әр жылы өткен байқау мәдени бағытқа жаңа серпіліс алып келуде. Мәселен биыл Қазақстан ТМД елдерінің арасында «Парадельфий» ойындарын өткізетін болады. Бұл ойында ерекше қажеттілігі бар жандар «Ым-ишарат тілінде ән айту» және «Хореография» номинациялары бойынша бақтарын сынайтын болады.
«Ұлттық Дельфий ойындары комитетінің бастауымен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, мәдени бағытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын. Бірақ, бүгінде ондай шараны халықаралық аренаға шығару идеясы туындап отыр. Ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған байқаулар жоқ емес. Дегенмен, олардың барлығы тек арнайы мамандандырылған ортада ғана ұйымдастырылатыны да шындық. Ал, Дельфий ойынында ондай жандар қатарларынан қалыс қалмай, барлығымен тең дәрежеде сайысқа түсе алады. Айта кететіні, ТМД елдерінің ішінде Қазақстан «Прадельфийлік» идеясын ұсынған алғашқы мемлекет болып отыр»,-дейді Қазақстандағы Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.