Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Орта Азия елдерінің «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VI Халықаралық театр фестиваліне көрші мемлекеттерден келген театр өкілдерін қабылдады. Ресми қонақтардың қатарында фестивальға қазылық еткен көрнекті театр және кино актері, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, профессор Асанәлі Әшімов, Тәжікстан көркемөнер академиясының академигі Абдугаффор Абдужабборов, театр сыншысы, халықаралық, бүкілресейлік театр фестивальдері сыншылар алқасының мүшесі, Татарстан өкілі Нияз Игламов, Қырғыз Республикасы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Жаныш Кулманбетов, Әзірбайжан мемлекеттік жас көрермендер театрының бас режиссері Бахрам Осмонов және еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты өкілі Гүлнафис Мырзашева келді.
Кездесуде Халықаралық театр фестивалін екі жылдан кейін Талдықорғанның жаңа театрында өткізу туралы ұсыныс айтылып, түркі тілдес бауырлас елдермен өңірдің рухани байланысын нығайту мәселелері сөз болды.
Естеріңізге салсақ, Талдықорған қаласында жуырда жаңа драма театрының құрылысы басталған болатын.