Астанада World Beauty Astana 2016 сұлулық және сән байқауының әлемдік гранд-финалында ең үздік дизайнерлер, модельдер және cән индустриясының сарапшылары бас қосады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Байқау 2-6 қараша аралығында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.
Шараға 6-дан 28 жасқа дейінгі әлемнің 30 елінен 75 қатысушы және 50 қазақстандық дарын қатысады. Сұлулық, модельдер мен дизайнерлер арасындағы байқаулардың жеңімпаздары өзара сайысқа түседі.
«Елордадағы фестиваль — барлық шаралардың қорытындысы. Бас жүлде — жобаның әріптесі, танымал кутюрье Пьер Карден ұйымдастыратын Париждегі сән дарындарының фестиваліне қатысуға 4 сертификат, сондай-ақ, Мәскеудегі сән апталығына да сертификаттар бар, ал Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы өз номинацияларын әзірлеуде», — деді INKARSEZIM corporation президенті, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Гүлнәр Жүнісова.
World Beauty сұлулық және сән байқауының негізі 2006 жылы Америкада қаланған. Әлемдік гранд-финалдары АҚШ-та, Италияда, Францияда, Кореяда, ал өткен жылы Вьетнамда ұйымдастырылған. Астанада фестиваль аясында сұлулық пен дарын (қыздар мен жігіттердің арасында) байқауы, сәнбикелер, модельдер, дизайнерлер және визажистер конкурстарын өткізу жоспарланған.