Бүгін Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасы Талдықорған қаласында Қазақ хандығына 550 жыл толуын мерекелеу аясында өтетін Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы шарасына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазан айының 2 жұлдызында Талдықорған қаласында Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Халық тарих ағымында», Қазақстан – 2050 «Мәңгілік ел» стратегиясын іске асыру мақсатында Қазақстан тарихында маңызы орасан шайқастардың бірі Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы көрсетілмек.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бұқаралық мереке ретінде ашық аспан аясында өтетін іс-шара туралы ұйымдастырушылар «Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы – бұл бірегей жоба. Қойылым қонақтары өзара байланысқан бірнеше іс-шараның бірге көрініс тапқан сәттерін тамашалауға, ата-бабаларымыздың тұрмысымен, салт-дәстүрімен танысуға, қазақы мәдениеттің, өркениеттің дәмін татуға мүмкіндік алады. Қазақ тарихының қайта құрылуын, салт-дәстүрін тамашалау, жастардың, өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеру негізінде өтіп жатқан шарада әр адам этно-мәдениеттің жан-жақтылығын сезіне жүріп халқымыздың тарихымен таныса алады. Осының барлығы қонақтарға Қазақ хандығының атмосферасына кіруге мүмкіндік береді» деді.
Қойылымның бағдарламасы көпшілікке бағытталған және үлкен көлемдегі көрмелер, интерактивті аулалар, қолданбалы өнерден шеберлік сабақтары, қолөнер шеберлегімен, ат-спорт түрлері, ұлттық ойындар, концерттік бағдарламалар ретін қамтиды. Сонымен қатар, шара аясында садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі, Ұлттық спорттық ойындардың турнирі, кәуап, бауырсақ пати және қымызбар фестивалі, аң аулау өнерінің көрмесі өтеді.
ФОТО: Жұмабай МҰСАБЕК