Ауыл аймақтарын үдемелі экономикалық дамыту бойынша пилоттық жобаның серіктестері 2016 жылды қорытындылады.
Биыл «Шілікті шаруалары» жобасы Алматы облысының 20 шаруа-кәсіпкерін біріктірді. Олар бизнесті дамытуға грант ұтып алды. Жобаға қатысушылар Алматы сөрелеріне 173 тонна өнімін қойды.
«Бағдарлама мақсаты — 0,5-тен 10-15 гектарға дейін жері бар шаруаларға көмектесу. Бұл көмекке зәру топ. Негізгі міндет — шаруаларға көкөністерді өсіруге, табысын еселеуге көмектесу», — деді «Филипп Моррис Қазақстан» ЖШС сыртқы байланыстар бойынша басқарушысы Айдос Смайылов.
«Филипп Моррис Қазақстан» ЖШС бұл жобаны 2013 жылы әлеуметтік жауапкершілік аясында Шіліктіде агроорталық құрудан бастаған.
2016 жылы шаруалар өнімділікті арттыру бағытында жұмыс жасады. Олар тәжірибелік алаңдарда сұрыптарды сынады, сонымен қатар көкөністерді күтуде Флорида университеті (АҚШ) профессорлары ұсынған әдістер қолданылды. Ғылыми ұсыныстар қазақстандық ғылыми қоғамдастықпен келісілді.
Ұсынылған әдіс өнімділікті 25-30% арттыруға, сонымен қатар көкөніс сапасын жақсартуға септесті.
«Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қоры» ҚҚ-ның атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева «Шілікті шаруалары» жобасы қазақстандық шаруалар ісінің алға басуына көмектесетінін айтты.