Бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы болған Жомарт Сарсенбековтың отбасына жаңа үйдің кілтін табыстады, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Марқұмның шаңырағында болған кездесуде аймақ басшысы төтенше жағдай қызметкерінің бұл әрекетін ерлікке балап, жаңа үйге көрімдік ретінде тұрмыстық техникалар сыйлады. Ж.Қансейітұлы Ж.Сәрсенбековтың артында қалған жұбайы Ұлжанға ендігі кезекте бекем болып, ұл-қыздарын жетілдіруде қайсар да қайратты болуы қажеттігін жеткізді.
Кәсіпкер демеушілер мен төтенше жағдай қызметкерлері сынды қайырымды азаматтардың атсалысуымен тұрғызылған үй бес бөлмелі. Қабырғалары күйген кірпіштен тұрғызылып, есік, терезелері сапалы материалдардан жасалған баспананың шатыры черепицамен жабылған. Сондай-ақ, онда дербес жылыту қазандығы орнатылған және ыстық сумен жабдықталған. Жалпы құны 11 млн. теңге болатын үйдің құрылыс жұмыстарына 2,5 ай (15 тамыз-30 қазан) уақыт кетіпті.
Еске салайық, осы жылдың 30 мамырында Төлеби ауданының Сайрам-Өгем тау жотасындағы «Ақмешіт» тау шатқалында ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің бас құтқарушысы болған жерлесіміз — Сарсенбеков Жомарт Орынбасарұлы құтқару жұмыстарын жүргізу барысында биіктігі 100 м шамасындағы жартасты тік жардан құлап кетіп, мерт болған болатын.
Сайрам ауданы, Құтарыс ауылында 1973 жылы дүниеге келген марқұмның артында жұбайы мен 5 ұл-қызы қалды.