Іле ауданының Ынтымақ ауылынан орын тепкен «Dolce-Pharm» ЖШС Қазақстандағы медицинаға аса қажетті бұйымдар шығаратын іргелі кәсіпорындардың бірінен саналады. Олай деуге толық негіз бар. Себебі, зауыт жылына 25 млн. медициналық бұйымдар шығаруға қауқарлы.
Бұл жобаның жалпы құны 1 314 млн. теңге. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі Іле ауданына ұйымдастырған көшпелі брифингте журналистерге зауыт президенті Рауль Ялымов баяндап берді.
«Dolce» және «Dolce-Pharm» фармацевтикалық өндірістік-коммерциялық компаниялары 1998 жылы біріккен болатын. Бүгінде олардың атағы қолғап, маска, бахила және тағы басқа да, медицинада бір рет қолданылатын бұйымдармен танымал.
2010 жылы ISO 9001:2008 сапа менеджменті жүйесіне, ал 2011 жылы медициналық бұйымдардың халықаралық ISO 13485 сапасына қол жеткізген кәсіпорында 600-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыттың көкжиегі кең деп отыр мамандар. Олар шығаратын өнімдерімен болашақта өз елімізді 90 процентке қамтамасыз етуді көздейді.
Тәуелсіз Қазақстанның ішкі сұраныстарын қанағаттандырып отырған, сондай-ақ, республикалық индустриализация картасына енген «Dolce-Pharm» ЖШС өз бұйымдарын Орталық Азия және ТМД елдеріне экспорттауға әзірлік үстінде.