Талдықорғанда жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға облыстың әр жерінен дипломдарын қолдарына алып, жұмыс табамын деген үмітпен 500-ге жуық адам келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аурухана, түрлі мекемелер мен кәсіпорындар жалпы саны 400-ден аса бос жұмыс орнын ұсынды. 434 жас жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Оларға арнайы жолдама берілді.
«Енді жастардың жұмысқа тұрақты орналасуын жіті назарда ұстаймыз. 10 күннен кейін әр мекемеге хабарласып, маман жайлы пікірлерін береміз. Негізінде, жастардың жұмысқа орналасуы ол өздеріне байланысты», — дейді Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бақтияр Жақсыгелдинов.
Шараны Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен облыстық жұмыспен қамту орталығының өкілдері бірлесіп ұйымдастырды. Олардың айтуынша, өңірде шебер дәнекерлеуші және кәсіби аспаз тапшы.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар қазіргі таңда жастар арасында екі қолға бір күрек табу өзекті мәселе екенін алға тартты. Дегенмен, облыстық кәсіпкерлер мен мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар арқылы бұл да өз шешімін тауып келеді. Мәселен, жыл басынан бері жастар тәжірибесінен 200-ден аса адам өткен. Қазір олардың тең жартысы тұрақты жұмыспен қамтылды.