Түлкібас ауданындағы индустриалды аймақта жалпы құны 3 млрд. 709 млн. теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылады. Құрылысы осы айда басталатын зауыттар іске қосылған кезде жаңадан 284 жұмыс орындары ашылатын болады.
Жобалардың негізгі бағыты ауданның табиғи ерекшелігін ескере отырып, тамақ өнімдерін өндіру. Яғни, жеміс-жидек көкөністерді өңдеп, табиғи шырын шығару және ет өнімдерінен шұжық тағы басқа өнімдер шығарылатын болады.
Аудан басшысы Ә.Тұрғымбеков аталған жобаларды жүзеге асырушы кәсіпкерлермен кездесіп, келісім шартқа қол қойды.
Кездесуде кәсіпорындарға қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін ауданда бау бақшалар, мал шаруашылығы саласында кооперативтер құрылатыны айтылды. Сонымен қатар, аудан әкімі алдағы уақытта индустриалды аймақта тағы да 9 жоба іске асатынын мәлімдеді.
Жалпы жер көлемі 50 гектарды құрайтын индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары өткен жылы толық аяқталған.