Түркістанда жастар арасында қазақ күресінен республикалық дәстүрлі «Тайқазан» жүлдесін сарапқа салған жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 156 балуан қатысып, бақтарын сынады. Жалпы командалық есепте Жамбыл облысының жампоздарына тең келер балуандар табылмады.
Турнирдің жеңіл салмағы болып саналған 55 келіде жамбылдық Н.Аманшүкіров қарсылас шақ келтірмеді. Ол ақтық сында оңтүстікқазақстандық Т.Тұрмаханбеттен басым түсті. Ал үшінші жүлделерді алматылық М.Жамбыл мен жамбылдық Ә.Сағаділда өзара бөлісті.
Алпыс келіде ақтық айқасқа алқынып шыққан Жамбыл облысының қос балуаны Б.Жармұхамбетов пен О.Керимов арасындағы белдесуде Б.Жармұхамбетовтің бағы жанды. Үшінші орындарға жамбылдық Д.Тұрғанғали мен Солтүстік Қазақстаннан келген Р.Алпысов жайғасты. Қарағандылық Р.Ховдрасол (66 келі) өз салмағында жеңімпаз атанса, оқтүстікқазақстандық балуан Х.Олжаға екінші орын бұйырды. Үздік үштікті М.Рахимов (СҚО) пен Т.Молдаш (Түркістан) қорытындылады.
74 келіде жерлестерінің үкілеген үміті түркістандық Е.Қожан турнир кестесінің ең биік сатысынан көрінді. Екінші орынды С.Жақсыкелді (ОҚО) еншілесе,үшінші орындарға Ш.Сапарханов (ОҚО) пен А.Бескемпір (Жамбыл облысы) лайық деп танылды. 82 келідегі бас жүлде қарағандылық Е.Молдағұловтың қанжығасында кетсе, алматылық Е.Жанатаев екінші орын алды. Үшінші орындар А.Алиходжаев (Түркістан) пен М.Байжігітте (ОҚО) қалды.
Жарыс ауыр салмаққа жақындаған сайын тіпті қыза түсті. 90 келіде Оңтүстік Қазақстан балуаны Н.Есенгелді Қытайдан келген балуан С.Жайдарды қапыда қалдырып жеңімпаз атанды. Үшінші жүлделерді Д.Жамалхан (Түркістан) мен Д.Дариялов (Қызылорда) алды. 100 келі салмақтағы сайыс та жарыс жанкүйерлерін бей-жай қалдырмады. Қ.Шамшиддинов (ОҚО) пен Г.Оңалбай (Алматы қаласы) арасындағы ақтық белдесу Қ.Шамшиддиновтің пайдасына шешілді. Түркістандық қос балуан М.Үсен мен А.Ізбасар үшінші орындарды қанағат тұтты.
Аса ауыр салмақта жамбылдықтар А.Ақберді мен Н.Жұмахан финалда жолықты. Бұл белдесуде А.Ақбердінің мерейі үстем болды. Қарағандылық А.Хапез бен Алматы облысының балуаны М.Насибуллаев елдеріне үшінші жүлделермен оралатын болды.
Қазақ күресі дегенде Түйе балуанды айта алмай өте алмаймыз. «Күш атасын танымайды» деген халық нақылы да осы бәсекеде айқындала түседі. Салмаққа қарамай сынға түсетін бұл тартысты белдесулерде Оңтүстік Қазақстан балуаны Қ.Шамшиддиновтің жауырыны жер иіскемей Түйе балуан атанып,турнирдің арнайы белбеуін тақты. Екінші жүлде де оңтүстікқазақстандық Н.Есенгелді еншісінде. Ал үшінші тұғырларға М.Байжігіт (ОҚО) пен А.Әділбай (Алматы облысы) көтерілді.
Түркістанда мәреге жеткен бұл айтулы додада Қытай мемлекетінде қазақ күресінің жанашыры болып жүрген Дәулетхан Нұрлан бауырымыздың өз шәкіртін алып келіп, жарыс көркін қыздырғанын да айтқан абзал. Сонымен қатар жарыста жеңімпаз бен жүлдегер атанған барлық балуандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.