Казақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы N12 мектебінде «Алтын қыран», «Алтын қалам» номинацияларының иегері Орал Бекболатов атындағы бастауыш математика сыныбы ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сыныптың заман талабына сай жабдықталуына ел ағасы демеушілік жасаған. Балалардың киім ілетен және құжаттар тұратын шкаф, сондай-ақ, математикалық формулалар жазылған үлкен көрнекілік тақтайша жасатқан. Бүгінде барлық көрнекіліктер сыныпқа сән беріп тұр.
Салтанатты іс-шара барысында «Қаратау тәжі» әдеби бірлестігінің төрағасы, ақын Рахым Балабиев, зейнеткер-ұстаз Сейдолла Адыршаев, Кентау қаласының Құрметті азаматты Шертай Сәрсенбаев Орал Бекболатовтың қайырымылық істерін атап өтіп, жасап жатқан игі ісін жоғары бағалады. Мектеп директоры Гүлдариға Жұмагелдиева мен сынып жетекші Меруерт Қосжанова және ұжым мен ата-аналар ел ағасына алғысын білдірді.
Балалар әсем әндер орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Орал Бекболатовтың шығармашылығынан да өлеңдер оқылды.
Оралбек Бекболатов бұған дейін де көптеген қайырымдылық істермен айналысты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға киім таратты, үйіндегі көптеген құнды кітаптарды кітапханаларға тегін берді.
Орал Бекболатов отызға жуық кітаптың, 31 монографиялық еңбектің авторы. Шығармалары өзбек, саха, орыс тілдеріне аударылған.