Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі бірқатар нысандарда болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен аймақ басшысы «Агробизнес 2020» бағдарламасы бойынша іске асырылған көкөніс өсіретін «SMG Greenhouse profit» ЖШС-нің жылыжай кешенін аралап көрді. Төрт гектардан астам аумақты құрайтын өндірістік кешен Түрік және Голландия мемлекетінен әкелінген құрал жабдықтармен қамтылған. Заман талабына сай соңғы үлгідегі жылыжайда жылына 1 мың тоннадан астам қияр өндірлуде.
Серіктестік мамандарының айтуынша, мұнда бүгінде аптасына 29-30 тонна көкөніс өнімдері жиналып, Қазақстан мен Ресейдің Екатеринбург,Омбы облыстарының нарығына шығарылуда. Сондай-ақ, олар бүгінде 45 адам еңбек ететін ауыл шаруашылығы кешенінінің көлемін тағы да 4 гектарға ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жылыжай жұмысымен, мұнда еңбек ететін жұмысшылардың жағдайымен танысқан облыс әкімі өндірілетін өнімді ең алдымен ішкі нарыққа, сосын шекаралас жатқан Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекетіне экспорттау жайын қарастыруды, жұмысшылардың жалақысын мүмкіндігінше жоғарлатуды тапсырды.
Сапары барысында өңір басшысы еліміздегі өндірістік тәжірибесі жоғары «Стандарт Цемент» ЖШС-нің жұмысын көрді. Аталған кәсіпорын өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн. тонна цемент шығаратын Қазақстандағы жалғыз ірі зауыт болып табылады.
Кәсіпорында экологиялық талаптарды сақтайтын заманауи құрылғылар орнатылған. Осылайша қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірместен үлкен көлемде және жоғары сапалы цемент өндіріп келеді.
Бүгінгі күні 1100-ден астам адам еңбек ететін компанияда жыл сайын жұмыс орындарының саны артып келеді. Сонымен қатар, кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне өз үлестерін қосуда.
Әкім бастаған жұмысшы топ Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан 8 мың орындық мешіттің құрылысын аралап көрді. Мешіт кешенінде автокөлік қоюға арналған паркинг, күннен қуат алатын құрылғылар қойылады. Мешіт алдындағы он мыңнан астам адамға есептелінген алаңда жамағатты күннен, жауын-шашыннан қорғау үшін шатыр болып ашылатын жүйе қойылады. Мұнда сонымен қатар, мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, тамақтануға арналған зал, неке сарайы, исламдық білім беру орталығы, медресе, кітапхана мен әкімшілік бөлмелер салынады.
Осы күні Ж.Түймебаев инновациялық – технологиялық колледжінде болып, оқу орнының жұмыс барысымен танысты. Колледжде бүгінде 9 мамандық бойынша жалпы 970 студент білім алады. Ал мұндағы 122 студент 4 мамандық бойынша 2011 жылдан бері дуальды оқыту жүйесінің эксперименттік режимінде білімін шыңдауда.
Оқу орнының тыныс-тіршілігін баяндаған колледж директоры Шымкент қаласындағы «Бозарық» шағынауданы аумағынан бой көтеретін «Қазақ инновация» университетінің макетімен таныстырды. Жаңа университет қалашығына бүгінде 150 гектар жер бөлініп, сәулеттік-құрылыс жобасы бекітлген. 10 мың студентке шақталып салынатын жоғарғы оқу ордасында медицина, химия-технология, жоғарғы бизнес мектебі бағыттары бойынша білім беретін болады. Сондай-ақ, оқу орны аумағынан тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар салынады.