Оңтүстік Қазақстанда майкене майын шығаратын зауыт іске қосылып, алғашқы өнім алынды. Сапалы май алу үшін айлап тер төгіп, жан-жақты ізденген мамандардың еңбегі еш кеткен жоқ. Енді кәсіпорын тәулігіне 30 тонна өнім шығарады. Майкене өсімдігі өңірдегі Мақтаарал, Шардара, Арыс және Отырар аудандарында өсіріледі.
Бұл өсімдіктің құрамында 47-50 пайыз кеппейтін май болса, оның жаңа тұқымында 73-74 пайызға дейін жетеді. Өсімдік майы 310 градус ыстықта да қызбайды және 18 градусқа дейінгі суықта қатпайды. Сондықтан соңғы кездері бұл өнімге авиация, ғарыш және косметика саласында сұраныс көп. Тіпті медицинада да кеңінен қолданылады.
Қазақстандық өнімді Ресейге тасымалдау жөнінде келісім жасалып, қазір өндірісті ұлғайту үшін инвестор іздестіріліп жатыр. Кәсіпорын басшысы Кеңесбай Төреқұловтың айтуынша, бұл өндірісті ары қарай дамыту үшін косметиктерді, фармацевтерді шақырып, кішкене цех салу жоспары бар. Егер инвесторлар табылатын болса, сонымен айналысатын мамандар келсе, жұмыс көзі табылатын көрінеді. Енді бұл зауытта кем дегенде 50 адам жұмыс істейтін болады.