Оңтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ел мүддесіне талай жыл еңбек еткен ардагерлердің басын қосты, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Шымкенттегі «Ақ тұлпар» шахмат клубында спорттың осы түрінен жарыс ұйымдастырды. Оған 60-қа жуық ардагер қатысты. Шахмат тақтасында талап таластырғандар түгелдей кезінде биліктің бір тізгін, екі шылбырын ұстамаса да, елдің дамуына ат салысқандар. «Ақ тұлпар» ардагерлер шахмат клубындағы жарыста ұзын ырғасы 52 ардагер бақ сынауда. Облыстық чемпионат екі күнге созылады. Турнирде ардагерлер 2 тур ойнап, мықтыларды анықтайтын болады. Аталмыш турнирді ұйымдастырушылар сайысты әуесқойлар және кәсіпқойлар арасында бөлек өткізуді жөн көріпті.
Жарысқа қатысушыладың барлығы — зейнет жасына жеткен ойыншылар. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы дайындап отырған сыйлықтар бар. Айта кету керек, еліміздің өзге аймақтарына қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысы қариялар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, зейнеткерлерді назар тыс қалдырмай, олардың мерейлерін үстем етіп отыру жағынан әлдеқайда алда. Жылына бірнеше мәрте зейнеткерлердің басын қосып отыру әдетке айналған. Шымкент қаласында Ардагерлер үйі де ашылған болатын.Қариялар осы жерде де бас қосып тұрады.