Домой Қоғам ОҚО Құрылыс пен тазалық қатаң қадағаланады

Құрылыс пен тазалық қатаң қадағаланады

Құрылыс пен тазалық қатаң қадағаланады
selektornyy_15Бүгін облыс әкімдігінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен кезекті селекторлық жиын өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Басқосуға басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе — бюджет есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың сапасы мен қатты тұрмыстық қалдықтардың полигондар орындары жайы қаралды.
Жиында алғашқы тақырып бойынша сөз алған ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев салада атқарылған жұмыстар аясында баяндама жасады.  Айтуынша, басқарма тарапынан 2016 жылы облыстың аудан, қалаларында салынып жатқан құрылыс нысандарына 1769 рет тексеру жүргізіліп, оның өзге де түріндегі бақылау және қадағалау жұмыстары ұйымдастырылған.
Нәтижесінде, ғимараттарда анықталған кемшіліктер бойынша 672 нұсқама берілсе, нұсқамамен жойылмаған олқылықтар бойынша және құрылыс нысандарының сапасын тексеріп беру туралы арыз-шағымдарға сәйкес, 535 тексеру тағайындау актілері ашылған. Сонымен бірге, 125 мердігер мен 24 жобалаушы мекемеге шара көріліп, 2 мердігер мен 2 жобалаушы мекеменің лицензиясы алынса, 5 мердігердің лицензиясының кіші жұмыс түрлері шеңберінде жойылып, 3 мердігердің лицензиясы уақытша тоқтатылды.
Олқылықтардың басым бөлігі құрылыс нысандарының жобалық сметалық құжаттарының кеш әзірленгендігі мен оны пайдалануға кеш тапсыру, сонымен бірге, құрылыс нормаларын сақтамауға қатысты. Мәселен, мұндай кемшіліктер Төлеби, Бәйдібек, Созақ, Ордабасы, Мақтарал аудандарында орын алған.
Мұнан соң, облыс әкімі салада орын алған кемшіліктер бойынша тиісті аудан, қала әкімдерінің жауабын тыңдап, олқылықтарды тез арада жою қажеттігіне тоқталды. Тексерулер жүргізіліп, шара көрілген компаниялардың аздығын сынға алған өңір басшысы бұл жұмыстарды қайта електен өткізіп, жұмысына салғырт қарайтын мердігерлерді қайта талдау жасауды жүктеді.
Облыстық құрылыс басқармасы мен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшыларына айтылған нұсқамаларда Жансейіт Қансейітұлы жұмыстарды атқарудағы кемшіліктерді жоюдың жаңа тәсілін ойластырып, ұсыныс жасауды тапсырды. Сонымен бірге, құрылыс саласындағы сапаны бақылап, жұмыстар қарқынын біліп отыру сынды жұмыстар жиынтығын құрайтын арнайы онлайн-реестр әзірлеуді жүктеді.
Мұнан соң, күн тәртібіндегі екіншісі мәселе аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондар орындарының қазіргі жағдайына талдау жүргізіп, 2008-2015 жылдар аралығында қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 44 полигонға құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендірілгенін хабарлады.
«Қазіргі таңға 844 елді мекен 176 полигон орнымен қамтылған. Алайда, елді мекеннен полигонға дейін 400 метрден 90 км-ге дейінгі ара қашықтықты құрап отыр. Оның ішінде, 259 елді мекен бойынша 20 км-ден 100 км-ге дейін ара қашықтықта. Яғни, бұл елді мекендерде тұрмыстық қалдықтар бей-берекет тасталуда деген сөз», — деді басқарма басшысы.
Мақтаралда небары 4, Шымкентте 2 ғана қоқыс полигоны барын жеткізген М.Отаршиев облыстағы бірқатар аудан, қалаларда қоқыс орындарының жеткіліксіздігін, бұл мәселені реттеуде жергілікті атқарушы органдардың асықпай отырғанын алға тартты.
Тазалықты сақтау мәселесіне қатысты ойын білдірген облыс әкімі сенбіліктерді тұрақты өткізіп отыру мәселені шешпейтінін ескертіп, бұл жайды реттеу үшін арнайы мекеменің айналысуы керектігін жеткізді.
Басқарма басшысының баяндамасын қанағаттанарлықсыз деп есептеген әкім аудан, қалалардағы шашылып жатқан қоқыстарды жинап, отандық және шетелдік қонақтар келгенде ұялмайтындай жағдай жасау қажеттігін, оның ішінде, көше, нысандар маңынан әжетхана салу жайын, көпқабатты үйлердің кіреберістерін (подъезд) таза ұстап, жарықтандыру мәселесін қатаң тапсырды. Бұл жұмыстарға барлық құрылымдардың жаппай атсалысуы қажеттігін ескерткен Ж.Түймебаев қоқыстарды жинауға 3 күн мерзім берсе, әжетхана салуға 1 апта, кіреберістерді реттеуге 2 апта уақыт берді. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін облыс əкімі тиісті нысандарды ескертпестен аралайтын болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here