Бүгін «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының мәжілісі өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Жиынға облыс әкімі, ОҚО «Нұр Отан» партиясының төрағасы Ж.Түймебаев пен кеңес бюросының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары және партия филиалының қызметкерлері қатысты.
Бюроға қатысушылар күн тәртібіндегі Отырар ауданының әкімі Е.Айтахановтың 10 айда атқарылған жұмыстары мен облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Б.Есқараевтың есебін тыңдады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракциясына мүше депутаттарының сайлауалды бағдарламаларының орындалуымен бастауыш партия ұйымдарымен бірлесе атқарған жұмыстары бойынша облыстық мәслихат депутаты, фракция мүшесі С.Ибадуллаев баяндама жасады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерін баяндаған Ерлан Қуанышұлы 10 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 11 млрд 522 млн. 700 мың теңгенің өнімі өндірілгенін атап өтті.
«Өңіріміздің аграрлы аймақ екенін ескерсек, ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударылуда. Егіс көлемін ұлғайту, жаңадан қосылған жерлерді игеру, заманауи технологияларды кеңінен енгізу жылыжай, мал басын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, осы жылдың есепті кезеңінің қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 11 млрд 539 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 млрд 179 млн теңгеге өскен. Ал игерілген суармалы жердің көлемі 24 мың 338 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 мың 700 гектарға артқан. Бүгінгі таңға дәндік жүгеріден 27 677,5 тонна, көкөністен 9 610,5 тонна, бақшадан 110 428 тонна, картоптан 2009,2 тонна өнім жиналды»,-деп айтты аудан әкімі.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі аудандағы жеткен жетістіктерді ғана емес ондағы проблемаларды да көтеріп,оны шешу жөнінде ұсыныстарды да қоса ұсыну қажеттігін ескертті. Мәселен, ауданда 17 мың га жер игерілмеген. Елді мекендерді газдандыру және суармалы жерлердің көлемі төмен екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық орындарындағы қылмыс 90 пайызға өскеніне тоқталған аймақ басшысы жергілікті полиция қызметінің жұмысын жүйелеуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мәлімдеме жасаған облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Б.Есқараев ҚР еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында осы жылдың 10 айында мекемелер мен кәсіпорындарда 702 тексеру жүргізілгенін хабарлады.
Оның айтуынша, жүргізілген тексерулердің барысында 1166 заң бұзушылық анықталған. Яғни оның 840 еңбек туралы, 254 еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша болса, 71-і өзгеде фактілер. Анықталған заң бұзушылықтардың ішінде 1035-і жойылып, заңға сәйкестендірілген.
Басқарма басшысы өз есебінде аталған заң бұзушылықтың басым бөлігі еңбек заңнамасының сақталмауы, яғни, жұмысқа қабылданған қызметкерлермен еңбек шарттарының жасалмауы, жалақының уақытылы төленбеуі, үстеме, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа, сондай-ақ түнгі уақыттағы жұмысқа тиісінше ақы төлемеу, жұмыс берушілер тарапынан әйелдердің еңбек құқығына қысым жасалуы сияқты фактілері бар.
Саяси кеңесте айтылған мәселелерге қаныққан әкім еңбек тәртібі бойынша халықпен жүйелі түрде жүздесіп, әрбір азаматқа еңбек құқығын кеңінен түсіндіруді айтты. Сондай-ақ, осы салаға серпіліс беретін жаңаша жұмыс жоспарын жасауды тапсырды.
Баяндамашыларды тыңдаған Саяси кеңесі бюросының мүшелері атқарылған жұмыстар бойынша қаулы қабылданып, Отырар ауданының әкімі партия мүшесі Е.Айтахановтың атқарған жұмыстарының есебі назарға алынды.
Жиынды қорытындылаған Ж.Түймебаев Саяси кеңес бюросы мүшелері тарапынан айтылған сын ескертпелер бойынша алдағы уақытта нақты жұмыстар атқарылатынын айтып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде «Нұрлы Жол» бағдарламасының орындалуын бақылау партияның негізгі міндетінің бірі екенін айтты.