ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Менің елім — Мәңгілік Ел» жастар акциясының қорытынды шарасы өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Ол еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесі мен жеткен жетістіктерін паш етуге бағытталған.
Акция шеңберінде жастардың тілектері жазылған «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» — «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казахстан» кітабы табыс етілді. Сондай-ақ, онда «Мәңгілік ел» патриоттық идеясы бар тәуелсіздік жетістіктері туралы баяндалған.
«Мәңгілік Ел» — біздің ортақ дәстүріміз, және бұл Қазақстан халқының тарихи тағдыры», -деп мәлім етті өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.
Барлық облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында өткізілген жалпыреспубликалық акцияның шараларына 25 мыңнан аса адам қатысты. Акцияның өзі республика бойынша жарты миллионға жуық жастың басын біріктірді. Аталған акция 4 қараша күні Талдықорғанда «Менің елім — Мәңгілік Ел» форумында бастау алған болатын.