С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенттері «Ақын мен Ажал» атты трагедиялық қойылымды алғаш рет ағылшын тілінде сахналады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында көпшілік назарына ұсынылған туынды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылды. Пьесаның авторы, белгілі ақын Ғ. Ештанаев.
«Ақын мен Ажал» атты қойылымда Алаш қайраткері С. Сейфуллиннің жазықсыз тұтқындалған кезеңі мен түрмедегі азапты күндері және өмірінің соңғы қасіретті шақтары суреттелген. Сәкен образын — Ә. Мырзақұлов, «Ажал» образын — Д. Аманжанов сомдады.
Айта кетейік, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің «Ақжелкен» театры осыдан сегіз жыл бұрын құрылған, оның репертуарында онға жуық қойылым бар. Студенттер бұған дейін «Емен ұзақ жасайды», «Жолайрық», «Құмдағы үй», «Пай-пай, жас жұбайлар!», Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» және т.б. пьесаларды жарыққа шығарды.