Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін ресімдеуді реттеу мәселелері» тақырыбында кеңейтілген семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған шараның түпкі мақсаты – тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау арқылы мемлекеттік тілге деген құрметті қалыптастыру, төлқұжаттағы тегіміздің дұрыс жазылуын насихаттау және халықты құжаттандыруға жауапты мекемелердің қызметімен етене танысып, кеңес дәуірінен қалған аффикстерден арылу бағытындағы кедергілерді талқылауды көздеді.
Жиынға облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, өңірдегі тіл жанашырлары, облыстық әділет департаменті мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен белсенді жастар, жас ата-аналар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық басқарма жүйелі түрде аймақтағы ұлты қазақ азаматтардың аты-жөніне байланысты мектеп оқушыларымен, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлармен жалпы қалың жұртшылықпен тығыз байланыс жасап, үгіт-насихат шараларына ұйытқы болып келеді. Осындай игі істердің нәтижесінде соңғы үш жылда дүние есігін ашқан сәбилердің басым бөлігінің аты-жөні қазақша «-ұлы», «-қызы» жалғауларымен жазылған. Бұл көрсеткіштер 2013 жылы – 52, 2014 жылы – 73, ал 2015 жылы – 78 пайызды көрсетіп, «-ов», «-ова», «-ович», «-овна» сынды аффикстерсіз тегін қазақы дәстүрге сай ресімдегендер саны артып келеді. Бұл – Тәуелсіздік жемісі.
– Тегімізді түзеу – тектілік. Өмір табалдырығынан енді аттаған нәрестенің аты-жөнін кеңес дәуірінен қалған жалғаусыз рәсімдеу бүгінге буынға жүктеліп отырған міндет. Бұл адамдардың жеке басына ғана қатысты емес, бұл мемлекеттік мәні зор мәселе. Аты-жөніміз бен тегіміздің орынды қолданылып, олардың ана тілімізде және орыс, ағылшын тілдерінде орфографиялық ереже мен әдеби нормаға сай жазылуын дұрыс жолға қоятын кез жетті. Тегіміздегі түрлі жалғаудан арылуды – құлдық психологиядан елдік мүддеге сай өзгеру деп қабыл алғанымыз жөн. Ұлы дала елінің ұрпағы «Мәңгілік Елдің» мызғымас құндылықтары бүгіннен бастап қалыптасатынын ескерсе дейміз, – деді.