1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында, Арыс қаласында жаңа 150 орындық Қабылсай атындағы жалпы орта мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі М.Қадырбек, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Қ.Әбдіхалық, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанев, қала әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Барша тұрғындар мен оқушыларды қос мерейлі мерекемен құттықтаған қала басшысы ширек ғасырда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы артқанын атап өтті. «Елбасы Н.Ә.Назарбаев республиканы əлемдегі бəсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енгізу туралы міндет қойғаны баршамызға белгілі. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Қазақстанды дамыған елдердің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін де білім», деді М.Қадырбек.
Аталған мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, компьютер кабинеті, физика-химия кабинеттері мен интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер талапқа сай жабдықталған.
Ашылу рәсімінде қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырып, өз өнерлерін көрсетті.