Домой Қоғам Алматы Талдықорғанда Елбасы мүсіні орнатылды

Талдықорғанда Елбасы мүсіні орнатылды

Талдықорғанда Елбасы мүсіні орнатылды

69d89ad3c4ae975bcc1c5697f610c157Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Айта кету керек, осыдан біраз уақыт бұрын Президенттің мүсінін орнату туралы бастаманы жетісулық ардагерлер көтеріп, ол облыстық мәслихат депутаттарының қызу қолдауына ие болған еді. Осы игі бастама жүзеге асырылып Елбасы мүсіні Талдықорғанның орталық алаңындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің скверіне орнатылды.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, мүсіннің ашылуына орай шашу шашылды. 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күнімен және айтулы оқиғамен көпшілікті облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

— Президентіміздің көпқырлы қызметінің ауқымдылығы, биік беделі Қазақстанның әрбір азаматына етене таныс. Біз, Алматы облысының тұрғындары Елбасының мүсінін орната отырып, өзіміздің шынайы ықыласымызды, риясыз алғысымызды, зор құрметімізді білдіреміз. Мемлекет басшысының мүсіні өзінің туған жерінде орнатылуы заңдылық. Тәуелсіздіктің 25 жылында Ұлт Көшбасшысы қазақстандық қоғамның біріктіруші факторы, тұрақтылықтың, гүлдену мен өркендеудің символына айналды, — дей келе көпшілікті осы айтулы оқиғамен құттықтап ақ тілегін айтты.

Мұнан кейін Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Алматы облысының Құрметті азаматы, ардагер Наурыз Қылышбаев Елбасының ерен еңбегінің, салиқалы саясатының жемісін көріп отырған ел ағасы ретінде ыстық лебіздерін білдірді.

— «Көшбасшысы батыр болса, сарбаздары батыл болады» дегендей, Қазақ елі өркениетті елу елдің қатарынан өзіне лайықты орын алды. Енді дамыған отыз елдің қатарына қосылу – Елбасының ғана емес, барша қазақстандықтардың басты міндеті. Темірқазық нысанадан көріну – абыройлы да айбынды елге тән қасиет. Міне, осы ретте жетісулықтар іріліктің де, ұлылықтың да үлгісін көрсетіп келеді. Енді, міне, қабырғалы Қазақ елінің атын әлемге паш етіп, асыл мұратына жеткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жерлестерімен қауышып тұр. Тәуелсіздікті баянды ету жолында бір атаның балаларындай жұмылып, жанартаудай жарқылдауға шақырып тұр! Ендеше іске сәт! — деді Н. Қылышбаев.

 Мұнан соң сөз алған «Хильниченко и К» командиттік серіктестігінің директоры Виктор Хильниченко:

— Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен 20 жылдан бері жақсы таныспын. Ол еліміздегі ауыл шаруашылығының дамуын қалт жібермей қадағалап отырады. Қолдау көрсетіп, кеңес береді, оның дамуындағы жаңа жетістіктерді ешқашан назардан тыс қалдырған емес.

Мен осындай көпқырлы, талантты, көреген мемлекет басшысымен тілдесуге, пікірлесуге мүмкіндік жасаған тағдырыма ризамын. Және Алматы облысы тұрғындарымен бірге Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президент ретіндегі, беделі зор әлемдік саясаткер ретіндегі еңбегі үшін  облысымызда, өзінің туған жерінде мүсіні орнатылғанына қуаныштымын, — деді.

Жастардың атынан құттықтау сөз сөйлеген І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Айзада Оразалы өз сөзінде Елбасының жастарға жасап отырған қамқорлығы, білім алуға, еңбек етуге жасалған зор мүмкіндіктері жайлы айта келе, жастар Елбасымызды мақтан тұтып қана қоймай, келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан жақсылықтарды  дұрыс бағытқа пайдалана біліп, еселеп қайтаруы қажеттігін атап өтті. Жер жаннаты Жетісу жерінде  бой көтеріп отырған Көшбасшымыздың мүсінінің ашылуы – барша қазақ жұрты үшін үлкен қуаныш екенін жеткізіп, сөзінің соңын «Ұлы Даланың Ұлт көшбасшысы Елбасымыз Мәңгі жасай берсін!!!» деген жалынды тілекпен аяқтады.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Айта кетсек, Елбасы мүсіні Талдықорғандағы орталық алаңның оңтүстік-шығысында орналасқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің скверіне қойылды. Мүсіннің авторы: ҚР құрметті сәулетшісі, «Құрмет» орденінің кавалері, 40-тан астам ескерткіштің авторы Қазбек Жарылғапов және танымал мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі, 20-дан астам ескерткіштің авторы Мирлан Азмағанбетов.

Мүсіннің биіктігі 4,2 метр, қоладан жасалған, ал тұғырының биіктігі 4,5 м., күртілік қоңыр граниттен жасалған. Мүсіннен кейін сквер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің аллеясымен жалғасады. Сквердегі жүргінші жолының екі жағында гранит қабырғада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері қоладан жасалған:

— Қазақстан Республикасы Елтаңбасы;

— Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы;

— Қазақстан Республикасының Гимні;

— Қазақстан Республикасы Конституциясы Кітабы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here