Астанада Astex Astana Smart City 2016 IV халықаралық форум-көрмесі өз жұмысын бастады. Аталған шараны Астана қ. әкімдігі ҚР ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесіп «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің және Astana Innovations АҚ-ның қатысуымен ұйымдастырды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Шетелден келген 700 делегаттың қатысуымен шарада қалалық инфрақұрылымның зияткерлік дамуына жағдай жасап, барлық ресурстар мен халық қажеттіліктерінің жан-жақты тепе-теңдігін қамтамасыз ететін «ақылды қалаларды» құру мәселелері талқыланды.
Панельдік сессияда елорда әкімі Әсет Исекешев сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысы әлем елдері бүгінгі күні тез ауысып отырған жаңа шынайылыққа бейімделу мәселесіне алаңдаулы екенін бірнеше рет айтқан болатын. Диджитализация және цифровизация дәуірі келе жатыр, өмірімізге сандық технологиялар енуде. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларын және Ұлт жоспарындағы 69-шы қадамды ескере отырып, Астанада Еуразиялық кеңістіктегі жаһандық қаланы дамыту керек. Біз өзіміз үшін әлемдегі мегаполис экономикасының құрылымына сай келетін 10 басымдықты секторды анықтадық. Біз Смарт Астана тұжырымдамасын әзірледік. Ақпарат министрлігі «Сандық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп, іске асыруда. Біз Астананы пилоттық алаңға айналдырмақпыз, және ұсынылған барлық бағдарламаларды елордада іске асыру үшін күш салмақпыз. Смарт Астана бойынша біз әлеуметтік және экономикалық нәтиже беретін жобаларды іске асырудамыз», — деді Әсет Исекешев.
Қала басшысы айтқан жобалар әлеуметтік салаға қатысты: медицина, білім және көлік инфрақұрылымы. Пленарлық сессиядан кейін елорда әкімдігі мен әріптестер арасында инновациялық саладағы ынтымақтастық және кәсіпкерлікті дамыту туралы 9 меморандумға қол қойылды.