Ақтөбеде желтоқсанның тоғызынан бастап Қазақстан ипотекалық компаниясы желісі бойынша баспанаға үміттілерден құжаттар қабылданады. Бұл жолы үміткерлерге 356 пәтер Батыс-2 шағын ауданында салынған үйлерден беріледі. Бұл туралы Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының мамандары хабарлайды.
Бағдарламаға тек баспана кезегіне тіркелген азаматтар, яғни мемлекеттік тұрғын үй қорында тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар ғана қатыса алады. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар баспанаға талапкер бола алады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар да үміткер бола алады.
Құжаттарды қабылдау желтоқсанның 9-ы мен 15-і аралығында электрондық үкімет порталы арқылы электрондық нұсқада қабылданады.