Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қайырымдылық акциясының аясында хромтаулық компаниялар 17 млн. теңгеге көмек көрсетті. Аудан аумағында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындар аз қамтылған 398 отбасыға қол ұшын созды, деп хабарлайды «Ақтөбе-ақпарат» баспасөз орталығы. «Актеп» ЖШС өкілдері Қопа ауылының тұрғыны Серік Бекеновке 200 мың теңгеге сертификат табыстады. Бұл қаражатты ол үйінің шатырын жөндеуге жұмсамақ. «Алтын дән» компаниясынан 150 мың теңгені Амангелді Ыбыраевтың отбасы алды. Отбасы қысқы отын сатып алмақ. Ал «Ақжар Агро» және «ҚазПромСтройГрупп» компаниялары Айсаулеш Иманқұлова мен Николай Звездныйдың үйлеріне газ өткізу үшін 300 мың теңгеден берді.
Сондай-ақ, «Латиком ЛТД» ЖШС хромтаулық Саян Орынбасаровтың қысқы отын алуына көмектесетін болды. Тағы да 4 отбасының үйіне көгілдір отын жеткізіп беруге «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы кепіл болды.