Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Талдықорғанда 25 үздік журналист марапатталды. Олардың бәрі де облыс әкімінің жүлдесі үшін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін журналистер байқауының I орын жүлдегерлері атанып, дипломдар мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар тағы 51 журналист II және III дәрежелі дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Журналистерді құттықтаған облыс әкімі А. Баталов облыстың, соның ішінде Талдықорған қаласының дамуына қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.
— Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының, мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде қалай орындалып жатқанын жазып та, көрсетіп те келесіздер, атқарылып жатқан игі істердің ішінде жүрсіздер. Сол үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Біздің бірлесіп атқаратын іс-шараларымыз әлі деп көп болады деп ойлаймын, — деді А. Баталов құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ журналистер атынан «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі Қуаныш Тұңғатар, «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Болат Абаған, «Огни Алатау» газетінің тілшісі Татьяна Демидова сөз сөйледі.
Жалпы байқауға республикалық, жергілікті БАҚ өкілдерінен 114 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 578 мақала, 110 бейнесюжет пен 94 фотоматериал қабылданған.
Бұл байқауда журналистердің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, Қазақстан 2050 Стратегиясының, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы жайлы материалдары сарапқа салынды.