Қазақстан прокуратурасының құрылған күніне орай облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, әріптестік байланыста жұмыс жасап жүрген бір топ журналисті марапаттады. Кездесу дастарқан басында еркін форматта, ашық әңгіме түрінде өтті. Нұрғалым Әбдіров тәуелсіздік жылдарындағы прокуратураның қалыптасуын, жемісті кезеңдерін айтып берді.
— Бұл жылдар өсу, жетілу жылдары болды. Жемісті, жеңісті сәттер көп болды. Табиғатты қорғау саласында бірқатар ұтымды жұмыстар атқардық. Ілеспе газды пайдалану кезінде қорғашан ортаға келтірілген залал үшін 20 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет пайдасына өндіріп алынды, — деді облыс прокуроры.
Мемлекеттік қызметті стандарттаудың арқасында соңғы бес жылда азаматтардың арыз-шағымдары 10 есеге қысқарған. Сондай-ақ, облыс прокурорының айтуынша, өңірде ұрлық, пәтер тонау, топ болып қылмыс жасау, балалардың қылмысқа баруы сияқты деректер де соңғы жылдары сиреген.