Бүгін облыс әкімдігінде аудан, қала әкімдерінің 2016 жылдың индикаторларын орындау және 2017 жылдың жоспарларын нақтылау бойынша есептері тыңдалды. Күннің бірінші жартысында Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарының басшылары хабарлама жасады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бірінші болып сөз алған Іле ауданының әкімі Қ. Медеуов келесі жылы 29 ірі кәсіпорынның, 3 құс фабрикасының, 2 фармзауыттың есебінен өнеркәсіп өндірісінің көлемін 200 млрд. теңгеден асыруды жоспарлап отырғанын айтты. Сол сияқты Индустрияландыру картасының нысандары жобалық қуатын толық игеріп, 20 өнеркәсіп орнын ашу мен қолданыстағы 15 кәсіпорынды кеңейту арқылы 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен 28 млрд. теңге сомасында инвестиция тартылады, оның 11-і — ірі жобалар.
Он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндай отырып, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Б. Ысқақ 2017 жылдың жоспарларына да тоқталып өтті. Мәселен, келесі жылдың соңына дейін ауданда бірқатар жаңа кәсіпорындар жұмыс істейтін болады. Олардың қатарында тауық етін өңдейтін құны 1,8 млрд. теңге болатын «Нұрлы құс» ЖШС, тәулігіне 2 мың литр шырын шығарып, сұрыптайтын «Apple World» ЖШС, сол сияқты Түрген ауылында қуаты 1,4 МВт болатын 70 млн. теңге инвестиция тарту арқылы ГЭС іске қосылмақ. Осылардың негізінде 300 жұмыс орны ашылады. Тыңдау аяқталғаннан кейін Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне өнеркәсіп саласын дамыту, ірі кәсіпорындар ашу, инвесторлар тарту, туристік саланы дамыту туралы тапсырмалар берілді.
Жамбыл ауданындағы маңызды нысандар туралы аудан әкімі Ж.Далабаев айтып берді. Мәселен, 2017 жылы құны 150 млн. теңге болатын, 40 жаңа жұмыс орнымен фанер шығаратын кәсіпорын іске қосылады, жұмыс істеп тұрған «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС кәсіпорны кеңейтіліп, тағы 20 жұмысшымен толғады. Сонымен қатар «Базис А» ЖШС-ның жалпы сомасы 24,0 млрд. теңге болатын аудан аумағында мал азығын дайындайтын инвестициялық жобасы, сүт өндіретін үш мегаферманы құру жұмыстары басталды. Бұдан әрі мегафермалар дамытылып, Жамбыл, Іле аудандары аумағында сүт өңдеумен айналысатын болады. Бұл жоба өсімдік және мал шаруашылығына инновациялық технологиялардың енгізілуне ықпал етпек.
Қарасай ауданына келсек, бұл өңір қазірдің өзінде жоспарланған жылдық көрсеткіштерді асыра орындаған. Тек балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту ісін қуазауы қажет, бұл көрсеткіш аудан бойынша 71 % құрап отыр. Аудан әкімі М. Бигелдиевтің айтуынша, келесі жылы ауданда бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, атап айтқанда, жылыжайлар, фруктоза және басқа да өнімдер шығаратын кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ жыл соңына дейін шыны ыдыстар шығаратын «Алматы Стекло» ЖШС-ның екі зауыты және жылыжайларға арналған металл конструкцияларын шығаратын «ХоландГринТек» ЖШС зауыты іске қосылады деп межеленіп отыр.
Талғар ауданының әкімі Р. Садықова 2017 жылы өсімдік және мал шаруашылығының өнімдерін шығару көлемін өсіретінін айтты. Сонымен қатар мал тұқымын асылдандыру ісі жалғастырылатын болады. Мәселен, «Ырыс» бағдарламасы бойынша 300 басқа арналған сүт фермасын құратын 2 жоба жүзеге асырылады. «Құлан» бағдарламасы бойынша 146 бас аналық жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы аясында 1510 бас саулық қой сатып алынған. Сонымен қатар жалпы құны 2,8 млрд. теңге болатын 2 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 500 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы және қуаттылығы 100 тонна болатын жеміс-көкөніс өңдеу цехы пайдалануға берілетін болады. Жалпы, 2016 жылдан ауысқан 8 жобаны есептегенде ауыл шаруашылығында жалпы құны 10,2 млрд. теңге болатын, 269 жұмыс орнымен 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жалпы өнім көлемін арттыруға ықпал етпек.
Тыңдау соңында облыс әкімі А. Баталов басым бағыттарға назар аударуды, әлеуметтік сала нысандарының құрылысы, жол жөндеу, арық жүйелеріне, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына күрделі жөндеу жүргізу, сапалы әрі нәтижелі көрсеткішке жұмыс істеу керектігін қатаң тапсырды.