«Қауіпсіз Жаңа Жыл» акциясы аясында елордалық ТЖ Департаменті «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасымен бірге балаларға арналған жаңажылдық тәттілер қорапшаларының топтамасын шығарады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жаңажылдық мерекелер қарсаңында бүлдіршіндерге арналған 50 мыңға жуық арнайы тәтті қорапшалар дайындалды.
Тәттілері бар қорапшаларда «Қауіпсіз Жаңа Жыл» жазуы бар ТЖ Комитетінің эмблемасы белгіленген, ал оның ішінде тәттілерден бөлек балалар құтқару қызметтерінің телефон нөмірлері мен төтенше жағдайлардың алдын – алу сипатындағы өлең жолдары бар картон сызғыштарды таба алады.
Бұл акция астана тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға назар аударту мақсатында ұйымдастырылған.
«Бүгінде біз «Баян Сұлу» АҚ бірлесе жаңажылдық тәтті қорапшаларының топтамасын шығардық. Бізбен серіктес болған «Баян Сұлу» АҚ Президенті — Басқарма Төрағасы Тимур Мейрханұлына алғыс білдіремін. Бірге істеген жұмысымыз қолайлы нәтиже беретініне сенемін. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз», — дейді Астана қаласы ТЖ департаментінің басшысы азаматтық қорғау полковнигі Б.О. Дұзақбаев.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, халық арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетінің деңгейін көтеру қоғамдық маңыздылығы бар іс, тек профилактикалық жұмыстарды жүргізу арқылы қайғылы оқиғаларды болдырмауға және адам өмірін құтқарып алып қалуға болады. Балалардың қатысы бар өрттерді болдырмау — Астана қаласы ТЖ Департаменті қызметкерлерінің негізгі жұмыс бағыттарының бірі.