«Лада Ларгус» автокөлігі мен облыс әкімінің алғыс хаты Қарасай ауданына беріліп, олар аудан, қалалардың мәдениет күндері шарасы бойынша үздік деп танылды. Бұл туралы Талдықорғандағы «Жастар» Спорт сарайында өткен «Тәуелсіздік — тұғырым» атты қорытынды гала-концерт барысында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған түрлі түсті жарық эффектілерімен, ерекше сипатта қойылған театрландырылған көрініспен басталды. Жиналғандарды облыс әкімі А. Баталов құттықтады:
— Мемлекет қолдауының нәтижесінде Алматы облысында мәдениет саласының дамуына ерекше назар аударылады. Жылдан жылға бөлінетін қаржы көлемі артып, соның арқасында мәдени нысандар салуға, күрделі жөндеуге, материалдық-техникалық базаларын жаңартуға, кадрлық құрамын жақсартуға, түрлі шаралар өткізуге мүмкіндік туды. Мұның бәрі біздің бай рухани мұрамызды сақтауға, жаңа таланттардың көзін ашуға ықпал етті. Осыған байланысты Алматы облысында аудан, қалалардың мәдениет күндерін өткізу дәстүрлі шараға айналған. Осы мәдениет күндеріне атсалысып, қатысып, биік деңгейде өнер көрсеткен ұжымдарды бүгін марапаттап отырмыз. Бұл марапат сіздерге Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үлкен сый болады деп ойлаймын, — деді облыс басшысы.
Облыстың аудан, қалаларының мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша Қарасай ауданы Бас жүлдеге ие болып, «Лада Ларгус» автокөлігі мен облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ алғыс хаттар мен сомасы 550 мың теңгелік сертификаттар өзге де барлық аудан, қалаларға берілді.
Мәдениет күндері барысында көрсетілген үздік нөмірлерден Гала концерт ұйымдастырылып, өнерпаздар көрермендер ризашылығына бөленді.