«ДОС тәуелсіз өмір» орталығы мүмкіндіктері шектеуле жандарға қызмет көрсетуге бағытталған екі жобасын таныстырды. «Инва СТО» мүгедектер арбасын жөндеумен айналысса, «ДОС Арт» музыкалық-хореографиялық тобы музыкалық және вокалдық қабілеттерін ашуға көмектеседі, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Мемлекет серуендеуге арналған арбаны 7 жылға, үй ішінде жүруге арналған арбаны 4 жылға бөледі. Белгілі бір уақыт өткен соң ол істен шығады. Арбаны ұзақ уақыт пайдалану үшін осы жобаны іске қостық. Ол да машина сияқты жөндеуді қажет етеді», — дейді «ДОС тәуелсіз өмір» орталығы ҚБ төрайымы Дина Ерділдинова.
Ұсақ, орташа және күрделі жөндеуден басқа, «Инва СТО» кәсіпорнында мүгедектер техникасын жалға алуға болады.
«Біз жылына екі рет арба жөндеуді жоспарлап отырмыз. Мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдардың тізімін Жұмыспен қамту басқармасынан алып, телефон соғып, техникалық қызмет көрсетпекпіз», — дейді «Инва СТО» бас шебері Ардақ Оторбаев.
«ДОС Арт» тобының миссиясы мүмкіндіктері шектеулі жандарды мәдени және қоғамдық өмірге тарту. Бағдарламаға вокал, арбамен би және музыкалық аспаптарда ойнау дәрістері енгізілмек.
Биылғы жылы «ДОС» орталығына 10 жыл толады. Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды азаматтық қоғамға интеграциялау жұмысын жүргізе отырып, орталық қыштан бұйымдар жасау, ағаш ою және сәндік-қолданбалы өнер шеберханаларын ашты. Осы үш шеберханада 200 адам оқытылды.