Домой Қоғам Алматы Экономиканың барлық салаларына назар аударылады

Экономиканың барлық салаларына назар аударылады

Экономиканың барлық салаларына назар аударылады

6a399168b44316a522c2f4f94cd9f865Алматы облысы әкімдігінде аудан, қалалардың өткен 10 айдағы даму көрсеткіштері мен 2017 жылға арналған жоспарлары туралы есептерін тыңдау жалғасуда.

Панфилов ауданының әкімі Б. Абдулдаевтың мәліметіне сүйенсек, бюджет түсімі 107,9 % орындалған. Соңғы екі жыл көлемінде қарқынды жұмыс істеп, 1110 гектар жерге әртүрлі сотты бақ отырғызған «Жаркент Фрукт» ЖШС 2017 жылы 3,0 млрд. теңге инвестиция тартып, сұрыптау және сақтау цехтарын ашуды жоспарлап отыр. Келесі жылы 350 млн. теңге инвестиция тарту негізінде «МаксДорСтрой» ЖШС 70 жұмыс орнымен асфальт шығаратын зауыт, «Әулет» кәсіпорны құны 100 млн. теңге болатын қоқыс өңдейтін зауыт, «ЖарТасПродукт» ЖШС құны 643 млн. теңге болатын темірбетон шығаратын зауыт ашамыз деп жоспарлап отыр. «Қорғас Шығыс қақпасы» АЭА Құрғақ порт аумағында да кәсіпорындар салу көзделген.

Алакөл ауданында экономикалық өсім тұрақты. Аудан әкімі Ә. Жақанбаев ауданда жыл соңына дейін ашылатын жаңа жұмыс орындарының саны 4494-ке жететінін айтты. Аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі жыл аяғына дейін  28520 млн. теңгені құрап, 111,6 пайызға шықпақ. Өңірдегі су жүйелерінің 360,2 шақырымына күрделі жөндеу жүргізу арқылы 5,3 мың гектар суармалы егістік айналымға енгізіліп, оның көлемі 35,4 мың гектарға жетеді. 2016 жылы Алакөл демалыс аймағының жолы, Үшарал қаласының әуежайы құрылыстарының жұмыстары жүргізілді. Мәселен, биылғы жылы көл жағалауында 452,5 мың адам демалып, 1562 млн. теңгеге ақылы туристік-сауықтыру қызметі көрсетілген. Кәсіпкерлермен өткізілген кездесу нәтижесінде 500 орынды «Аквамарин Резорд» қонақ үй кешені іске қосылып, 80 жұмыс орны ашылған. Тағы 700 орынды екі жоба қолға алынып, 2017 жылы қолданысқа берілетін болады.

Текелі қаласының әкімі Б. Өнербаевтың айтуынша, шағын және орта бизнес саласында шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет негізінде бюджетке түсім – 1,1 млрд. теңгені құрап отыр, бұл бюджет түсімінің 67 % құрайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде қаланың 29 көшесінің 23,5 шақырымында су құбыры жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. «Достық» өнеркәсіп алаңына бірнеше кәсіпорынды орналастару жоспарланып, туризмді дамыту жоспары да бірнеше бағытта қарастырылып отыр.

Қапшағай қаласының да өндірістік әлеуеті мол. Қала әкімі Т.Қайнарбеков «Арна» индустриалды аймағын дамыту жоспары туралы кеңінен тоқталды. Бұл аймаққа алдағы уақытта макарон өнімдерін шығаратын, 500 жұмыс орнын ашатын, қуаттылығы жылына 97,7 мың тонна болатын «МаревенФут Тянь-Шань» ЖШС, күйдірілген кірпіш шығаратын «Алматы Бризг» ЖШС орналастыру жоспарланған. Сонымен қатар қуаттылығы 18,0 МВт 20 жел генераторларынан тұратын жел электр станциясын кеңейту межеленіп отыр. Ол үшін 5760 млн. теңге инвестиция тартылып, 20 жұмыс орны құрылады.  Сондай-ақ шетелдік инвесторлардың қатысуымен аяқ киім шығаратын фабриканың «Гамма» ЖШС зауыты, инвестиция көлемі 119 млн. теңгені құрайтын «Самұрық Сити» ЖШС құс фабрикасы ашылады.

Қаланың туристік мүмкіндігін тиімді пайдалану мақсатында 2017 жылға аумағы 1,7 га және 7,5 га болатын екі жағажайды абаттандыру үшін 265, млн. теңгеге бюджеттік тапсырыс берілген.  «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында алдағы жылға шағын және орта бизнестің инфрақұрылым жүргізу бойынша 3 жобасы ұсынылған. Сондай-ақ су, жылу жүйелерін жөндеу, тұрғын үй құрылысы, газбен қамту, денсаулық сақтау және білім беру мәселелерінде ауқымды жоспарлар белгіленген.

2017 жылға арналған жоспардың негізінде қала әкімдігі келесі жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 7,3 %, ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің жалпы көлемін 11,5 млрд. теңгеге, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 21,5 млрд. теңгеге дейін арттыруды, 2590 жаңа жұмыс орындарын құруды көздеп отыр.

Талдықорған қаласы әкімінің міндетін атқарушы А. Тұтұбаевтың айтуынша, келесі жылы 7 жаңа кәсіпорын іске қосылады. Оның 4-еуі қазірден жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде 2017 жылы өңдеу кәсіпорындарына 6 млрд. теңге инвестиция тартылып, 481 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 136 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 139 мың шаршы метр деп межеленіп отыр.

Қазір облыс әкімдігінде Ақсу, Сарқан, Ұйғыр, Райымбек, Қаратал аудандарының әкімдері есеп беруді жалғастыруда.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here