Тарихта алғаш рет бағдарламалаудан компьютер білгірлерінің қазақстандық құрамасы XVII Бүкілресейлік командалық олимпиаданың жеңімпаздары атанды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Санжар Бидайбек, Асхат Жалғасов және Нұрбакыт Мәдибек 200 қарсыласын, соның ішінде Ресейлік олимпиадалық бағдарламалау мектебін артта қалдырып, әлемдегі ең мықты команда атанды. Қазақстандық оқушылар 1-ші дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Астана мен Алматы қалаларындағы қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары он бір есептің тоғызының шешімін тауып, бірінші орынға шықты. Екінші орын «Интеллектуал + СУНЦ МГУ: Вова спит дома» (Мәскеу) командасына, ал үшінші орын «Школа программистов №1» (Мытищи) командасына бұйырды.