ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу құрметіне елорда әкімдігінің қолдауымен Астанада балалар арасында блицтен шахмат турнирінің салтанатты ашылуы өтті., деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Турнирдің ұйымдастырушылары — елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы және қалалық шахмат мектептері.
Шараның салтанатты ашылуына Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, ФИДЕ президенті Кирсан Илюмжинов, 12-ші әлем чемпионы Анатолий Карпов, шахмат әлемінің басқа да белгілі тұлғалары қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл — балалардың ынтасын арттыруға бағытталған қалалық ауқымдағы алғашқы турнир. Бірақ шараның басты міндеті ҚР-да шахматты, салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық шеберлікті жетілдіру. Шахмат жарысына 8, 14 және 18 жас аралығындағы алты жас тобында 90-ға жуық бала қатысуда.
Астана әкімі Әсет Исекешев қатысушыларды ҚР Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, турнирге келген қонақтарға және аты аңызға айналған шахматшы Анатолий Карповқа алғыс білдірді.
«Біз бұл мерекені ерекше атап өтіп жатырмыз, бұл біз үшін мерейтой. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, бүгін осында келгеніңізге қуаныштымын. Біздің балғындар болашақта әлем чемпиондары болатынына сенімдімін. Шахмат интеллектуалды спорт түрі, интеллект — инновацияларды дамыту үшін Қазақстанға және басқа да елдерге қажет», — деді Әсет Исекешев.
«Баршаңызды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын, бір буын үшін бұл елеулі даму жолы. Осы жылдар ішінде Қазақстанда шахмат жақсы дамыды. Әлем чемпиондары да бар, гроссмейстерлер де бар. Қазақстанда шахматтың қыздар арасында кең тарағаны таң қалдырады, олар бұл салада зор жетістіктерге жетті. Барлығыңызды құттықтаймын, табыс пен жаңа биіктерді бағындыруды тілеймін», — деп мәлім етті журналистерге сұхбат берген белгілі шахматшы Анатолий Карпов.
Шараға әлем чемпиондары Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдумәлік те қатысты. Жансая Әбдумәліктің айтуынша, аты аңызға айналған шахматшылармен бір алаңда болу балаларды жеңіске жетуге ынталандырады, патриоттық сезімге тәрбиелейді. Турнир шеңберінде сұхбат берген Жансая Катарда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жүргенін және әлемдік деңгейде Қазақстанның атын шығару үшін бар күшін салатынын жеткізді.
Турнир ФИДЕ ережелері бойынша швейцариялық жүйемен 11 турмен өтті. Жалпы есепте жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері алты жас тобы бойынша бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.