Домой Қоғам Ақтөбе Ақтөбеде Мәдениет үйі ашылды

Ақтөбеде Мәдениет үйі ашылды

Ақтөбеде Мәдениет үйі ашылды

Тәуелсіздіктің қарсаңында Құрайлы ауылында Мәдениет үйі ашылды. 23 жылдан кейінгі үзілістен соң, бұл ауылда мәдениет ошағы қайта жанданды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Бұл туралы «Ақтөбе-ақпарат» баспасөз орталығы хабарлайды.

Мәдениет үйі 1993 жылы жабылып қалған болатын. Өткен жылы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевпен кездесу кезінде ауыл тұрғындары Мәдениет үйін ашу туралы сұрақ көтерді. Екі мектебі, мектеп-интернаты, балабақшасы және 6 мыңнан астам тұрғыны бар үлкен ауылда мәдениет ошағы керек болды.

Екі қабатты ғимаратты жаңғырту жұмыстарын мердігер ретінде міндетіне алған «Ақтөбе электр желісі құрылысы» ЖШС бұны биыл тамыз айында қолға алды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңынгда аяқтап беріп отыр. Жұмыстың сметалық құны 165,3 млн. теңгені құрады, Мәдениет үйінің жалпы ауданы — 2285,27 шаршы метр.

— Тәуелсіздік күні барша қазақстандықтар үшін ең маңызды мереке. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен 25 жылда біз көптеген мәселелерді шештік. Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін тек экономикалық қана емес, рухани даму да керек. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір елімізде әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлініп жатыр. Кез келген елдің мемлекет ретінде қалыптасу жолында кездесетін күрделі кедергілер болады. Бірақ біздің елімізде ешқашан әлеуметтік төлемдерді төлеу, зейнетақы мен жәрдемақыны көтеру, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету сияқты сұрақтарда проблема болған емес. Биыл біз облыстың барлық аудандарын газдандыруды аяқтадық. Келесі жылы барлық елді мекендерде медициналық пункттер саламыз. Жыл басынан 32 мәдениет ошағы жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз жалғастыратын боламыз, — деді Б.Сапарбаев. Ол Құрайлы ауылының тұрғындарын Мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.

Ашылу салтанатынан кейін көпшілік ғимаратты аралап көрді. Бұл жерде 400 орындық көрермен залы, модельдік кітапхана, спорттық және хореографиялық зал бар. Оқушылар ғана емес, ауыл тұрғындары қатысатын үйірмелер жұмыс жасайды, көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылық кештері өтеді.
Бұдан соң, Мәдениет үйінің акт залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және құқық қорғау органдары басшыларының Құрайлы, Благодар, Новый, Сазды және Қарғалы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесуі өтті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here