Еліміз бойынша екі жылдан бері жүргізілген «Мүлікті жария ету» акциясы 31-желтоқсанда аяқталады. Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті желтоқсанның 26-сы акция аясында декларациялар қабылданатын соңғы күн екенін ескертеді.
Акция жарияланған уақыттан бері Қазақстан Республикасының азаматтары ел аумағындағы және шет мемлекеттердегі мүліктерін және қаржыларын біздің еліміздің заңнамаларына сай жариялап, тіркетті.
Сандық мәліметтерге тоқталатын болсақ, бүгінгі күні «Мүлікті жария ету» акциясы бойынша Ақтөбе облысында 258 декларация қабылданып, оның ішінде 255-і бойынша мүліктер жария етілген. Оның ішінде, 44 646,0 млн. теңгеге 243 банктік есеп-шот және сомасы 13 342,1 млн.теңге болатын 2 заңды тұлғаның үлесі жария етілді.
Қазақстан Республикасының аумағында және шетелдерде орналасқан мүліктер бойынша сомасы 757,8 млн. теңгеге бағаланған 11 объекті жария етілген. Оның ішінде, 667,1 млн. теңгені құрайтын 10 үй, құны 90,7 млн. теңгеге бағаланған бір нысан бар. Ал құны 463,0 млн. теңге болатын 8 нысан Қазақстан Республикасының аумағынан тіркелді. Сондай-ақ, ел аумағынан тысқары жерлерде орналасқан 3 нысан жарияланды. Оның жалпы құны 294,8 млн теңгеге бағаланып отыр.