Кеше Ақтөбе қаласында облыс әкімдігінің алдында тұрған бас шыршаның шамдары жанды. Ақтөбеліктер үшін арнайы театрландырылған қойылым ұсынылды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Әкім шырша жанында бүлдіршіндермен бірге жаңа жылдық мерекенің басталуын тамашалады. Балалармен бірге қуанып, қол шапалақтап тұрды, деп хабарлайды Ақтөбе жаңалықтары сайты.
Облыстағы ең үлкен шыршаны жағу құрметі Ақтөбе қаласының «Құрметті азаматы» атанған Сағынай Құсайынов пен еңбек ардагері Лидия Винокуроваға және №3 орта мектептің 2 сынып оқушысы Алена Алиеваға берілді. Бұл оқушы биыл ментальды математика бойынша халықаралық конкурста І орынға ие болған еді.
30 метрлік жасанды шырша 118 ою-өрнекпен, үлкен шырша шарларымен және жалпы ұзындығы 1,1 шақырым болатын түрлі-түсті жарық шамдармен безендірілген.
Бір мезгілде Ақтөбе қаласында және ауылдық округтерде 80-ге тарта шырша шамдары жанды. Солардың ішінде ҚР Тұңғыш Президенті атындағы және ағайынды Жұбановтар көшесіндегі ғашықтар саябағындағы, Ақтөбе қалалық әкімдігінің алаңындағы және «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы шыршалар да мерекелік оттармен жарқырады.
Бүгін барлық елді мекендердегі жаңа жылдық іс-шаралар, соның ішінде қайырымдылық акциялары бастау алды. Ақтөбе қаласы мен ауылдық округтерде 60-тан астам мұз айдындары жасалды. Басты салтанатты шара мерекелік от шашумен дәстүр бойынша 31 желтоқсан күні Тұңғыш Президент саябағында өтеді. Осы жылы саябақта қардан жасалған екі сырғанақ жасалып, конькилерді жалға беретін және ыссы тағамдар үлестіретін пункті бар мұз айдыны ашылды.