Домой Қоғам Ақтөбе Ақтөбеде 400 бала Президент шыршасына қатысты

Ақтөбеде 400 бала Президент шыршасына қатысты

Ақтөбеде 400 бала Президент шыршасына қатысты

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген «ЭКСПО-ның жаңа жылдық алауы» атты Президенттік шыршаға 400 ақтөбелік оқушы қатысты. Мерекелік шара «Алтын сарай» кешенінде өтті.

Жаңа жылдық салтанатты шараға оқуда, спортта, шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан сондай-ақ, мүгедек балалар қатысты. Ертегілік салтанаттың 400-ден аса қатысушысы Аяз ата мен Ақшақар, Алдар көсе, Микки Маус, осы жылдың иесі – маймыл секілді ертегі кейіпкерлерінің театрландырылған көріністеріне, конкурстар мен сұрақ-жауап ойындарының куәсі болды.

Балалардың бас шыршасы да биыл ерекше құлпырып, түрлі ұлттық нақыштағы ойыншықтармен жарқырап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шырша Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы бірлесіп өткізген «Жаңа жылдық ойыншықтар» байқауында жеңімпаз атанған оқушылардың жұмыстарымен безендіріліп, ал «Аяз атаның сиқырлы жәшігі», «Жаңа жылдық шырша-2017» байқауларының қорытындысы бойынша үздік аталған жұмыстары залға және фойеге қойылды.

— Отанға деген махаббат, қажырлы еңбек, бірлік, кез-келген арманды шындыққа айналдыра алады. Бәріңіз де осындай керемет мерекеге лайықсыздар. Ең бастысы – қол жеткізген табыстарыңызда тоқтап қалмау керек. Тәуелсіз Қазақстанның жас азаматтары — сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын,-деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бейнебайланыс арқылы жолдаған құттықтауында.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та жиналғандарды құттықтады.

-Бізде үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, өңірімізді республикалық және халықаралық деңгейде лайықты көрсеткен балалар баршылық. Мемлекеттің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Біз өз тарапымыздан сіздердің балалық шақтарыңызды бақытты өткізіп, сапалы білім алып, спортпен айналысуларыңызға барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Сіздер еңбек етіп, Қазақстанды әлемге мәшһүр етулеріңіз қажет,-деді өңір басшысы.

Балаларға Президент атынан жазылған құттықтау хаттары, энциклопедия, планшет пен тәтті сыйлықтар секілді бағалы сыйлықтар табысталды.

Бас шыршаның қатысушылары алдында жас ақын, «Әбіш оқулары» өңірлік конкурсының облыстық кезеңінің жүлдегері, «Болашағым өзіңмен туған Отан» республикалық шығармалар конкурсының жүлдегері Айсұлтан Көпбергенов, «Күншуақ» республикалық және «Айналайын» халықаралық конкурстарының жүлдегері «Жайдарман» вокалдық студиясы, «Дарындылар ғаламшары» халықаралық конкурсының жүлдегері Ақмерей Әбдіраманова және басқалар өнер көрсетті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here