Астанада Қазақстандағы және ТМД мемлекеттеріндегі ірі туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталды. Бүгін елорда әкімі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес салынған емдеу мекемесінде болды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ірі медициналық мекеме Железнодорожный кентінде қырқыншы станцияға жақын орналасқан. Оның құрылысы 2008 жылы басталған.
Жаңа кешен төрт емдеу корпусынан тұрады: клиникалық-диагностикалық зертхана, бактериологиялық, тамақтану блогы, кір жуатын орын. Аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған, соның ішінде: компьютерлік томография, рентген, шетелдік және жергілікті дәрігерлермен консилиум құруға, онлайн трансляция жүргізуге мүмкіндік беретін бейнеқондырғысы бар компьютерлік операциялық бөлмесі бар. Тағы бір артықшылық — 12 төсек орынға есептелген реанимациялық бөлімше, бұл елімізде жұмыс істейтін диспансерлердің ішіндегі ең үлкен бөлімше саналады. Сондай-ақ, науқастарды бөлек орналастыратын палаталар бар. Кешен 500 науқасты қабылдай алады, оларға 1000 үздік маман қызмет көрсетеді.
Атап өтерлігі, статистикаға сәйкес, Астанада туберкулезбен ауыратындар саны төрт есе азайған. 2008 жылы 100 мың адамға шаққанда 218 науқас болса, бүгінгі күні олардың саны — 58 адам.
Диспансерді аралау барысында Әсет Исекешев қысқа мерзімнің ішінде іске қосу-жолға қою жұмыстарын аяқтауды, абаттандыру және көлік қатынасы мәселелерін пысықтауды тапсырды.