Қарасай ауданы, Үштерек ауылында жаңадан 300 орындық мектеп ашылды. Бұл білім мекемесі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып, оның құрылысына Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен 897 млн теңге бөлінді. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов пен аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мектеп директоры Анар Айдымбаеваның айтуынша, мектепте балалардың озат оқып, жақсы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда 4 лингафонды-мультимедиялық кабинет, физика, химия, биология, информатика, спортзал, шеберхана, 100 орындық асхана, 72 орындық мәжіліс залы, 104 компьютермен жабдықталған кітапхана бар.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, Үштерек ауылында бұған дейін тек бастауыш мектеп болған. Онда балалар үш ауысыммен оқытылып, орта және жоғары сынып оқушылары Үшқоңыр ауылына қатынап оқуға мәжбүр болатын. Енді ауыл балалары сыртқа сабылмай, Үштеректегі салынған жаңа мектепте оқитын болды.
Білім беру мекемесінің жалпы алаңы 5 236 шаршы метр, құрылыс жұмыстарын «Дәулет-Серпін 603» ЖШС 2015 жылдың мамыр айында бастаған.