Домой Жаңалықтар Есет батыр кесенесі

Есет батыр кесенесі

Есет батыр кесенесі
Ақтөбе облысы, Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Есет батыр кесенесі ©

Есет – қазақ тарихында «тархан» (фельдмаршал) шеніне ие болған үш батырдың бірі. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше ерлік көрсетіп, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың адал серігі болған.

Ақтөбе облысы, Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Есет батыр кесенесі ©
Ақтөбе облысы, Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Есет батыр кесенесі ©

Батырлар туған әулеттің ұрпағы

Есет Көкіұлы 1667 жылы еліміздің батыс өңірінде өмір есігін ашқан. Кіші жүз жетірудың ішіндегі тама руынан тарайды. Оның әкесі Көкі де батыр болған, кезінде Салқам Жәңгірге көмекке барған Жалаңтөс Баһадүрдің жасағында жоңғарға қарсы күрескен адам. Оның лақап аты – Таймас батыр. Орбұлақ шайқасында шеп бұзып, жүректілігімен көзге түсіпті.

Тәуке ханның Есетке бата беруі

1700 жылы Есет таманың ішіндегі бір руға би, ал, 1710 жылы бүкіл тама жұртының төбе биі атанады. 1722 жылдан бастап жетіру тайпасынан құралған әскердің бас қолбасшысы міндетін атқарды. Әрі би, әрі батыр болған Есет 1723-1726 жылдары Кіші жүз ханы Әбілқайырмен бірге еліміздің солтүстік-батысына шабуылдаған Еділ қалмақтарына қарсы күресті. Сол шайқастарда ол кіші жүздің азаматтарынан құралған ірі жасақты басқарды. Тәуке ханның тұсында да Есет үнемі алғы шепте Кіші жүздің қолын бастап жүрді. Оның ерлігін әділ бағалаған Тәуке хан бір шайқаста Есетке «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті.

Аңырақай шайқасында ту ұстаған

Есет «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен кейінгі Бұланты шайқасындағы ұлы жеңіске өз үлесін қосты. Осы шайқаста қазақтар жағы жеңіске жетіп, ойраттар Ұлытауды жаулап алу туралы ойларын іске асыра алмады. Сол майдан туралы ел ауызнда мынадай аңыз бар. Қан майданда Есеттің басы бірнеше жерден жарылыпты. Оны естіген батырлар шайқастан кейін аман ба деп, Есетті іздейді. Сөйтсе, ол басын таңып отыр екен. Сонда жауынгерлер «Есеттің басы қатты ма, Алланың тасы қатты ма?» деп тақпақтап қоя беріпті. Ал, Аңырақай шайқасында ол Кіші жүздің 20 мыңдық жасағын байрақ ұстап, бастап жүрді. Сондықтан, батырды ел ішінде «Ту ұстап, тарлан мінген Есет» деп атаған. Батыр жайлы «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет» деген мәтел сөз де бар.

Есет – қазақтағы үш тарханның біреуі

Есет өмір бойы Әбілқайырдың сенімді серігі, айнымас адал досы болып өтті. Оның өмірінің өзі Әбілқайыр жүргізген саясатпен тығыз байланыста өріліп отырды. Есет старшиналық қызмет атқарып жүргенде Кіші жүз бен Орта жүздің атынан Орынборда князь В.Урусовпен еларалық келіссөздер жүргізді. Осы еңбегі үшін 1743 жылы Ресей патшалығы тарапынан «тархан» шенін алды. Есет – қазақ батырлары ішіндегі «тархан» дәрежесін иеленген үш тарханның бірі. Одан өзге Шақшақ Жәнібек пен оның ұлы Дәуітбай ғана осы құрметке ие болған.

Өмірден өтуі

Есет батыр 1749 жылы 82 жасында өмірден өтті. Денесі қазіргі Ақтөбе облысының Алға ауданы, Бестамақ деген елдімекенге жерленген. Мазарының басына 1750 жылы сәулетті кесене салынған.

Қос Есеттің арасында қандай байланыс бар?

Халық аңыздарына сүйенсек, ХІХ ғасырда Ресей отаршылдығына қарсы күрескен Есет батырдың әкесі Көтібар да бір заманда осы тама Есет батырдың мазарына түнепті. Сол түні ол түс көреді. Түсінде ақ боз ат қырға құйғыта шығып, құйрығы ту секілді алаулап көтеріліп, кейін көзден ғайып болады. Ауылына келген соң ауыл-аймағын жиып, түсін айтып береді. Сонда Көрпебай атты замандасы «Абыз өз атағың, ақбоз аттың туша алаулаған құйрығы күндердің күнінде дүниеге келіп, жарияға жар салар батырың болар» деп жориды. Айтқанындай-ақ, көп ұзамастан Көтібардың әйелі алтыншы ұлды дүниеге әкеліп, оның атын Есет деп қояды. Есет Көтібарұлы да аруақты батыр болды, өмір бойы Ресей империясына қарсы күресіп өтті.

Дереккөз: jas.kz — «Алтайдан Каспийге дейін» жинағының (III том) мәліметтері бойынша

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here