Қобыланды батыр мемориалдық кешені 2007 жылы 8 қыркүйек күні ашылды. Мемориалдық кешен орнатылған жерде ежелден Қобыланды батырдың моласы болған.Батырға арнап заманында кесене тұрғызылған.
Алайда ол ғимарат біздің заманымызға жетпеген. Қобыланды батырдың осы жерде жерленгендігі туралы халық жадында бірнеше ғасырдан бері сақталып келе жатқан мәліметтер бар. Алайда қағаз бетінде нақты деректер жоқ. Ол туралы 1906 жылы Қобда — Елек бойын зерттеу кезінде орыс ғалымы В.В. Карлсон өзінің Орынбор басшылығына жазып кеткен есебінде былай деген: « Илецкая Защита қорғанынан Ойыл бағытында жолда 40 шақырымдай жерде, Қобда өзеніне Ешкіқарған өзені құяр тұста Қобыланды батырдың мазары бар екен. Бірақ ол құлап қалыпты, орнында үйінділер ғана қалған» деп жазып кетіпті.
Осы жерде кейін жергілікті халық қоныс теуіп, батыр жатқан жерді кәбірстанға айналдырған. 1960 – 70 жылдары батыр мазарының орнындағы үйінді адамның тізесінен келетіндей болған.
Алғаш археологиялық зерттеу жүргізу мақсатында ғалымдар Ноэль Шаяхметовпен Сайым Балмұханов 1969 жылы келіп, Қобыланды батырдың сүйектерін қазып зерттеу үшін алып кеткен. Белгісіз себептермен олар кейін қайтарылмаған.
Кейінгі жылдары бұл жерге еліміздің орта ғасыр тарихын жетік білетін халық жазушысы Әбіш Кекілбаев бірнеше рет келіп кеткен. Олардан кейін 1996 жылы Қазақстан Республикасының премьер- Министірінің орынбасары қызметінде жүрген Иманғали Тасмағанбетов келіп көріп кеткен. Оларға сол кездегі Жиренқопа ауылындағы акционерлік қоғам басшысы Тұрсынғали Латыф ұлы Накеш Қобыланды батыр жатқан жерді көрсетіп, оның асыл сүйегін кейін қайтару туралы жергілікті халықтың өтініш тілегін жеткізген. Бұл туралы И.Тасмағанбетов оған бұл орынды қоршап, бір белгі қойыңдар.Кейін бұл мәселеге оралармыз деп азын-аулақ қаржы беріп Т.Накешке тапсырып кеткен. Содан бейіт айналасы шынжырмен қоршалтып, Ешкіқырған бойынан әдейі екі үлкен тас алдырып, бірін тұрғызып, бірін жатқызып қабір орнына орнатқан.
Кейін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс басшылығына жаңадан келген Әкім Е.Сағындықовтың бастауы және ұйымдастыруымен 2004 жылдан бастап, Қобыланды батыр жатқан жер ғылыми тұрғыдан зерттеуге алынды. Осы бағытта 2004- 2005 жылдары жүргізілген археологялық жұмыстар кезінде үлкен кесене тұрғызылғаны анықталды. Оның ені 8 м 90 см ұзыны 11 м 60 см болған екен. Жарының қалыңдығы 1 метрге жуық болған. Мазардың төрт бұрышы анықталып шықты. Алайда олардан тек 1-2 қатар кірпіш қалған, жарлардың орнында бір қатар, олар да толық сақталмаған, тек Батыс бұрышында 5-6 қатар қаланған, кірпіш қалдықтары шыққан. Табылған кірпіштер ғалымдардың тұжырымдауы бойынша XIV- XV ғасырға жатады. Сонымен қатар археологиялық жұмыстар кезінде Қобыланды батырдың қалған сүйектері шыққан. Қазба кезінде батырдың зияратына кесене тұрғызғаннан кейін тағы екі адам жерленгені анықталып, олардың сүйектері және т.б. артефактілер табылған. Осы мезгілде Қобыланды батырдың моласын қазған ғалым Н.Шаяхметовпен байланысып, оның алып кеткен сүйектерін қайта зерттеп, бұл сүйектер Қобыланды батырдың сүйегі екенін академик Оразақ Ысмағұлов пен Айнагүл Ысмағұлова нақты дәлелдеп шықты. Содан соң, 2006 жылы 26 тамыз күні Қобыланды батырдың сүйектері өзінің орнына әкелініп қайта жерленді.
Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықовтың ұйымдастырумен 2007 жылы батырға арнайы кесене тұрғызылып, кешен ашылды. Оның сәулетшісі Бек Ибраев болды. Кешеннің құрамына Қобыланды батырға арналған мазар (пішіні батырдың дулығасы сияқты, оның биіктігі айшығына дейін қосып есептегенде — 16м 89см, диаметрі 16 метр), пішіні садақ сияқты ғимарат (онда батырға арналған «Данқ» бөлмесі және қосымша қызмет бөлмелері орналасқан) және бірнеше белгі тастар кірді. (Олар 1996 жылы орнатылған табиғи 2 тас, 2006 жылы қайта жерленгенде қойылған арнайы белгі тас және Қобыланды батыр табынған, сиынған қасиетті деп есептеген меңгір тас – «Қайрақ тас»). Дереккөз: Қобда аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі
Қобыланды қорымынан табылған қанжар қайда?
Қазақ даласында Қарақыпшақ Қобыланды батыр есімімен аталып келе жатқан екі мазар бар. Бұл тарихи көне ескерткіштер «Қобыланды күмбезі» деп аталады.
Біреуі Орталық Қазақстандағы Сарысу өзенінің бойында тұр. Қазақ даласында белгілі бір тарихи тұлғаның есімімен аталатын жерлер, бейіттер баршылық. Сондай-ақ, бір есіммен аталатын би, сері, батырлар жөніндегі деректер де аз емес. Оның бәрін жалғыз тұлғаға телуге болмайтынына өмір сүрген уақыты мен жерленген жерлерінің әрқилы екендігі дәлел.
Енді екінші мазар жөніне тоқталсақ, ол – Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Беріректе қоршалып, басындағы белгі 1995 жылы қойылды. Марабай, Мергенбай, Айса, Нұрпейіс тәрізді атақты жыршылар арқылы бізге жеткен «Қобыланды батыр» дастанында бабамыз қалмақтармен шайқасқан Жалғызоба, Қособа, Бесоба, Жиренкөл, Ешкіқырған, Тасбұлақ тауы, Тұшман бұлағы – Ақтөбе өңірінің Жиренқопа жеріндегі қазақтардың атамекені. Бұл жерлер ғасырлар бойы сол жырдағы күйінде, өзгеріссіз аталып келеді. Демек, Қобда өзенінің шығыс жақ жағалауындағы осы екінші бейіт Қобыланды сүйегіне тиесілі. Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырында да:
«Ерлердің артық данасы,
Артықша Қобылан ағасы,
Халықтың қорған панасы.
«Ешкіқырған» сағасы,
«Ұлы Қобда» жағасы,
Адамнан жоқ жаласы,
Тоқсанға жасы келгенде,
Судан болды жаласы,
Қартайып жетті қазасы.
Діңкиіп тұрған Қара оба –
Тоқтарбай қарттың баласы
Ер Қобыланның моласы»,-
деген жолдар бар. Нақты дерекке сүйенсек, 1969 жылы профессор Ноэль Шаяхметовтің жұмыс тобы жергілікті қарттардың көрсетуімен Жиренқопа елді мекенінен батырдың сүйегін қазып алып кетеді. Жай қазып қана қоймай, ол батыр ұрпақтарының, жалпы халықтың рұқсатын алмастан, кесененің орнын бульдозермен оңды-солды таптатып, қырғызған. Ондағы құлаған кірпіштерді тың игеру желеуімен келген мұжықтар пеш салу үшін үйлеріне тасып алып кетіпті. Ал, алынған қаңқа Алматыдағы Орталық мұражайдың антропология зертханасында сақталды.
Бертінде анықталғандай, Ноэль Шаяхметов Алматыдан Мәскеуге қызмет ауыстырады. Содан 31 жыл өткен соң, яғни 2000 жылы Алматыға қайта келгенінде бір қорап сүйектерді саудырлатып Орталық Мемлекеттік мұражайдың зертханасына тапсырған. Мұндайда бабамыздың бәлен жыл бойы көмусіз сақталып келген асыл сүйегінің жоғалып кетпегеніне де шүкір етуге тура келеді. Кейіннен ол сүйектер басқа антрополог Оразақ Исмағұловтың қолына түскен. Оған әлгі Шаяхметовпен бірге қазба жұмыстарын жүргізген академик Сайым Балмұханов көмекке келеді де сүйектерді саралап, қайта жинап, қалпына келтіреді. Одан кейін Қобыландының бас сүйегі Мәскеуде мұқият зерттеліп, XIV-XV ғасырдағы Қыпшақ дәуірінде өмір сүрген батырлардың киім ерекшеліктеріне сай етіп киіндірілді. «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты Халықаралық конференция аясында Герасимов зертханасында батырдың бас сүйегі негізінде жасалған антропологиялық кескін-бейнесінің тұсаукесері болды. Осы салтанатта Оразақ Исмағұлов: «Мұнда жатқан қаңқаның Қобыланды батырдікі екендігі еш күмән туғызбайды. Біз мұндай шешімге жан-жақты жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде келіп отырмыз. Енді оны көп жылдан кейін жер қойнына қайта тапсыру рәсімі – үлкен тарихи оқиға» деген еді…
Сөйтіп, батыр сүйегі түгелімен бұрынғы орнына қайта көмілді. Кірпіштен өрілген үлкен кесене бой көтерді. Оның басына жеткізілген батырдың қайрақ тасы бүгінде «Қобыландының меңгіртасы» деп аталады. Ортасы ойық, бас жағы сынықтау, ұзындығы 5 метр қайрақ тасқа Ноғайбайлы дәуірінде Қырымның қырық батыры семсер, қылыштарын қайраған деген сөз бар.
Бұл тұрғыда, ерекше мән берілуі тиіс дәйекті Ноэль Шаяхметовтің қабірді қазғанына куә болған жиренқопалық Зейін Сейітов айтып берген. «Бір сүйектің жанынан ұзындығы жарты метрлік қанжар шықты. Өз көзіммен көрдім. Тат басып кетіпті. Қабында ұзын өрнегі бар. Тек қабының ортасы шіріпті. Осылайша, Ноэль Шаяхметов бір аптада қазба жұмыстарын аяқтап, оны арнайы жәшікке салып, кеңшардың жаңа авокөлігімен Ақтөбеге алып барды да, сол жерде бәрін де ұшаққа тиеп, Алматыға ұшып кетті»,- дейді ол. Айтылып отырған қару Қобыланды батырдікі болуы әбден мүмкін ғой?! Қазір кімнің қолында екен? Бар болса, ол қанжар Шаяхметов ұрпақтарының бірінде сақталуы тиіс. Әлде, Алматыдағы орталық мұражайдың қоймасында жатыр ма екен? Антрополог Оразақ Исмағұловтың үйінде шығар?..