Абат-Байтақ кесенесі — XIV ғасырдың соңы — XV ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші. Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Талдысай кентінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде Қобда өзенінің аңғарындағы Абат-Байтақ қорымында орналасқан.
Халық аузындағы аңыздарға қарағанда, кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. Сондықтан, оның атына «Байтақ» деген сөз қосылған («кең»). Бірақ құрылыстың сәулеттік құрылымы оның төрелерге тән екенін байқатады. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар, ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Сыртқы тұрқының ауданы — 9,52 х 9,8 м. Кесененің бастапқы биіктігі 16 метр, сақталған биіктігі 14,5 метр. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпішпен қапталған.
Абат-Байтақ кесенесі қалыпты қоскүмбезді шатырлы құрылыстардың тобына жатады және кейбір әдебиеттерде көрсетілгендей центрик емес порталды-күмбезді кесене. Оның ішкі құрылымы да төрт бұрышты жобада салынған. 8 және 16 қырлы өрімдердің біртіндеп күмбез ішіне қарай көтерілуі көрер көзге жеңілдік әкеледі. Бөлменің батыс және шығыс қабырғаларында арқалық ойықтар бар. Күмбез тұғырының сырты мен ойықтарын оймыштап әсемдеген.
Абат-Байтақ кесенесі сәулет нақышы жағынан хорезімдік кесенелер мен ХІІ ғасырдың аяғы — ХVІ ғасырдың бас кезіндегі Арслан, Текеш, Көк-Кесене, Кесене ескерткіштеріне ұқсайды.
Дереккөз: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том