Көксу қант зауытына қант қызылшасының алғашқы өнімі де келіп түсті. Бұл — қойнауы құт Жетісу жерінің жемісі, осындағы дихандар қауымының еселі еңбегі, ортақ ісі деп хабарлайды Алматы облысының баспасөз қызметінің жетекшісі Айдар Карбозұлы фейсбук парақшасында.
Зауытқа алғашқылардың бірі болып өз өнімін Сарқан ауданының шаруалары да әкелді. Ондағы өнімнің шығымы өзгелерден кем емес. Биыл Сарқан жеріндегі қант қызылшасы өнімінің орташа көрсеткіші 300-350 центнерді құрап отыр. Сарқан ауданы жаңа зауытқа өзінің 20 мың тоннаға жуық өнімін әкелмек.
Су жаңа кәсіпорын жоспарланған 100-120 мың тонна өнім қабылдап, 12 мың тонна қант алуға дайын. Алдында талай шаруа күтіп тұрған кәсіпорынның лентасын Көксу қант зауыты бақылау кеңесінің төрайымы Галина Баймұрзаева қиып, мұндағы еңбеккерлердің жұмысына табыс тіледі.
Өндіріс орнының іске қосылуына инвесторлар 300 миллион теңге жұмсады. Жаңа зауыт қант шаруашылығын дамытуға соны серпін береді деген сенім мол.