Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Ұстаздар күні» қарсаңында Алматы облысының үздік мұғалімдерін марапаттады.
Ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, облыстың білім беру саласына зор мән берілуі мемлекет қолдауының арқасында екендігін айтқан облыс басшысы:
— Құрметті ұстаздар! Атақты ұстаз Лев Толстой айтқандай: «Ұстаз болу – жоғары әрі игі мәртебе». Қай кезде болмасын ұстаз адамгершілік пен мәдениеттіліктің нышаны болған. Сіздердің көз жанарларыңыздан мейірімділік пен ұлылықтың нұры сөнбесін. Баршаңыздың қиын да мәртебелі еңбектеріңізде зор денсаулық, амандық және шығармашылық табыс тілеймін, — деді.
Құттықтаудан кейін ол үздік ұстаздарды Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен, Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ бірнеше номинациялар бойынша үздік мұғалімдер мен білім беру нысандарын марапаттады.
Биыл «2015 жылдың ең үздік мұғалімі» атағын Талдықорған қаласының № 10 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Зарина Түсіпжанова жеңіп алды. Оған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы көлік кілтін табыс етті. Ал «Үздік балабақша» атағына Қапшағай қаласының «Гүлдер» мектепке дейінгі білім беру мекемесі, «Үздік ауылдық мектеп» атағына Жамбыл ауданындағы шағын орталығы бар Үмбетәлі атындағы орта мектеп, «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі» атағына Талдықорған агро-техникалық колледжі лайық деп танылып, барлық 3 номинация иегерлерінің әрқайсысына 300 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Ал «Үздік сынып жетекшісі» атағын Кербұлақ ауданының Ж.Тобаяқов атындағы орта мектебінің мұғалімі Бұджібаев Дәулет иеленіп, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. 17,9 миллион теңге көлеміндегі оқу гранты мен «Үздік білім ұжымы» атағы Ескелді ауданындағы Жетісу орта мектебіне берілді.
Айта кетейік, Амандық Ғаббасұлының айтуынша, облыстың 737 жалпы білім беру мекемелерінде 34 мыңнан астам ұстаз оқушыларға білім беруде. Тәуелсіздік алған жылдан бері облыс аумағында 162 білім ошағы іске қосылған. Ал облыстың білім саласын қаржыландыру көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артып, бүгінде 109 миллиард теңгеден асады.
Айнұр РАКИШЕВА,
Асқар ҚҰРАНБЕК (ФОТО)