Үшінші қазан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тұңғыш бард ақын, әнші, композитор Табылды Досымовтың 50 жасқа толуына арналған еске алу кеші өтті.
Тау тұлғалы түлегіне арнап ұйымдастырылған кеш “Қайда сол, КазГУ-городок…” деп аталды. Ақынның әруағына деген құрметпен мерейтойлық кеш бір минуттық үнсіздікпен басталып, жылы лебізге толы естеліктермен жалғасты. Еске алу кеші өткен химия факультетінің үлкен залына жиналған көпшілік бард ақынның жүрек қылын тербейтін әуезді жырлары мен көз көрген замандастарының естеліктерін тыңдап бір марқайып қалды. Кеш жүргізушісі — Табылды ақынның сүйікті шәкірттерінің бірі, филология факультетінің магистранты Тәуірбек Бозекенов. Кешке ақынның артында қалған тұяғы, ұлы Абыл Досымов пен курстас досы, журналист Серік Жанболат, Т.Досымов атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Бижан Қалмағамбетов қатысты. Қонақтар арасында бард әншінің ұстазы Жұмат Тілепов те болды.
“Егер Табылды досым тірі болғанда,осындай кештің куәгері болып сөз сөйлесе үлкен толқыныста болар еді. Себебі бүкіл жандүниесі ашылған жері, біраз өлеңдерінің тұсауы кесілген жері де осы ҚазҰУ, біздің кезіміздегі КазГУ-городок. Қазір Табылдың ізін жалғап жүрген жастар барда, оның әндері ұмытылмайтынына сенеміз”, — деді бардтың курстас досы, журналист Серік Жанболат.
Табылды Досымов атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Бижан Қалмағанбетов: ”Ақынның жанартауы жарылған жер Алматы қаласында, қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының қолдауымен Студенттер сарайында республикалық деңгейде еске алу кешін қараша айында ұйымдастырмақ ниеттеміз”, — деп қордың алдағы жоспарымен бөлісті.
Кеште ақынның әндерін бүгінгі заманға сай орындап жүрген ҚазҰУ жастары көрермендерді сонау 90-жылдарға, Табылдының әндері дүрілдеп тұрған кезеңге қайта оралтқандай әсер қалдырды. Соңында айтулы іс-шараны ұйымдастырған университет жанынан құрылған “Көкжиек” әдеби-шығармашылық клубы және де бард ақынның жолын жалғап жүрген бір топ талантты жастар алғыс хаттармен марапатталды.
Еске сала кетейік,осы жылдың шілде айында бард жанрының патшасы көзі тірі болғанда 50 жасқа толар еді. Ақынның 45 жылдық қысқа ғұырында жазған өлеңдері үш буынға жіктелген-ді. Студенттік шағындағы махаббатқа толы лирикалық әуендері, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына куәгер болған патриоттық жырлары және өмірдің мәңгілік еместігін тағы бір еске салатын өміршең өлеңдері. Иә, Табылды Досымов есімі қимас әндері мен сырлы саздары, мағыналы жырлары мен көркем төгіліп түскен өлеңдері арқылы жүректерге мәңгілік із қалдыра білді.
Ақын Табылды өзінің өлең жолында:
«Тірлікті мынау жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам!» -деп жырлаған еді. Ажалдың осылай келерін сезді ме, сездірді ме кім білсін, 2010 жылдың 16 қазанында мәңгілік ұйқыдан оянбады.
…Біз түгілі құтылмаған алып Абай,
Білмедім, о дүниенің қалі қалай?!
Табылдың бір кездегі әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың адай!..
Иә, өзі жырлағандай қалың қазақ жоқтап жүр. Жырларын өшірмей жаттап жүр. Себебі, Табылдың өлеңі басқалардан өзгерек! Ол қазақ жырының аспанында қалқып жүрген жарық жұлдыз. Ол жұлдыз артында қалған жалынды жырларымен мәңгі жарқырайды. Өшпейді. Сөнбейді.
АЙБАНУ ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,
Студенттік баспасөз орталығы