Домой Жаңалықтар Қоғам Нұриддин Ардана Қият: «Бұрын толеранттылық деген ұғым жоқ еді. Оның аты адамшылық болатын»

Нұриддин Ардана Қият: «Бұрын толеранттылық деген ұғым жоқ еді. Оның аты адамшылық болатын»

0
Нұриддин Ардана Қият: «Бұрын толеранттылық деген ұғым жоқ еді. Оның аты адамшылық болатын»

Күніне бір рет «Фейсбук» әлеуметтік желісіне кірмесек, бірдеңеден құр қалғандай күй кешетініміз рас. Интернет арқылы байланысу әлдеқашан дағдыға айналды және бұл уақыт жетістігі. Алда әлі қандай байланыстың түрі дамитынын көре жатармыз. Ал қазір, сөз еткелі отырған желіге тоқталсақ.

«Фейсбукта» қарапайым адамдардан бастап, танымал тұлғаларға дейін жиынтықталған. Онда барша әлем халқы өріп жүр. Виртуал байланыстың бір ұтымды жері ақпараттың қандай түрі болмасын жылдам аласың және өзіңнің де бөлісе алатындығыңда. Алғаш тіркелгеннен күннен бастап сілтеме тастайсың, толғандырып жүрген нәрселеріңді жазасың, сөйте келе виртуал достарыңның қатарын көбейте бересің. Өзгелердің парақшасында бөліскен қызықты ақпараттарға қанығып, белгілі бір орта қалыптастырасың. Керек емес достар саны мен қажетсіз ақпараттарды екшеп отырасың. Яғни пайдалы мен пайдасыз жақтарын өзің реттейсің.

Бірде желіден Нұриддин Ардана Қият аты қолданушының парақшасын көзім шалып қалды. Мені оның парақшасындағы ойлы суреттерге лайықтап терең мағыналы тақырыптар қоя білетіні қызықтырды. Оқып көріңіз: «Адамды бай ететін киген киімі емес, ақылы», «Кейде ақша емес, естеліктерді сақтайсың, уақыты келгенде ең үлкен байлығың болады», «Халықтың жағдайын түсіну үшін оңшыл, солшыл, коммунист, демократ, социалист т.б. болудың керектігі шамалы… Ең бастысы адам бол, жетеді», «Ақшаның жетіспеушілігі «сіз бақытсыз боласыз» дегенді білдірмейді», «Кедей және әлсіз болғаныңда, сені айыптайтындар көп болады», «Қанша көп оқысаңда оқығаныңа қарай іс-әрекет жасамасаң бәрібір надансың», «Әлемде жүзден аса ұлт, жүзден аса тіл, жүзден аса дін болғанымен, адамдардың тек екі түрі бар, ар-намысы бар және ар-намысы жоқ», «Мына өмір сүріп жатқан әлемімізде адам баласына ең қажет болатын зат білім екен», «Білім — ең берік тірек. Тіректеріңіз мықты болсын», «Ананың жақсысы, жаманы болмайды, Ең жаманы анасыз болу», «Құлаған сәтіңізде екі затты ұмытпаңыз: кім сізді құлатқанын, кім сіздің қолыңыздан ұстамағанын. Аяққа тұрғаныңызда қажет болады», «Адам баласына тимей кетпейтін бір үлесі бар, ол бақыт та емес, тек өлім». «Дүние шіркін қандай тәтті! Оның өлімнен күштілігінің өзі сонда ғой, қара жерге кіргеніңше сол үшін алысып өтесің!».

Қашанда сұхбат алар алдын ол адам туралы кішкене зерттеу ме, шолу ма жасаймыз. Орыста бір сөз бар ғой: «Досыңды көрсет, кім екеніңді айтайын» деген. Сол айтпақшы, Нұриддин Ардананың парақшасы оның қандай жан екенін аңғартып тұрғандай. Көбіміз желіге арзан әңгіме, қысыр сөз, өсек-аяң мен билік жақта тағы не боп қалды екен деп кіреміз. Өйткені, дін, саясат, өнер, эстрада, ақша, төсек т.б. төңіректе әңгімелер қашанда қызу жүріп жатады. Осындайда қызыл сөз бен дау-дамайға ермей, өз әлемінде ойға алған мақсаттары мен ізгі ниетін жалғастыра беретіндер әманда табылады. Сол себепті, Нұриддинмен танысып, сөйлесуге бел будым. Бұл бір. Екіншіден, тек қана танымал тұлғалардан «Осы мәселе туралы пікіріңіз қандай?» деген жаттанды үрдістен кішкене алыстау болайық дедік.

— Сәлем!
— Сәлеметсізбе!

— Нұриддин, сенің «Фейсбуктегі» парақшаңды көріп шықтым. Қызығушылық танытып отырмын, сұхбат алсам деп едім.
— Бір тудың астында өмір сүріп жүрген қарапайым отандасыңызбын. Парақшамда жария ететін суретім, сөздерім, өзге отандастарымызға жақсы жағына қарай ықпал ететін болса, сол мен үшін үлкен қошемет.

— Желіде қызықты да ойлы суреттер мен мысалдарды бөлісіп тұруға не түрткі болды? Себебі, қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайтын сияқтысың.
— Оныңыз рас, әлемімізде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарағым келмейді. Жәрдемдессем деген ниет. Менің осы жазған пікірлерім өзгелерге ой салып, барға қанағат, жоққа сабыр етуді үйретіп жатса, мен үшін сол жеткілікті. Расында, біздің мына өмір сүріп жатқан әлеміміз бір мектеп қой. Түсіне білген адамға құмырсқа да ұстаз бола алады.

— Аты-жөнің, туған жылың, туған жерің ресми таныстырылым үшін қажет.
— Ресми ешқандай мекемеде жұмыс жасамаймын, ешқандай ұйымға да тіркелген емеспін. Жеке кәсіппен шұғылданам. Бірінші қаңтар 1993 жылы Иранда қазақ отбасында дүниеге келдім. 1993 жылдан бері Қазақ елінде өмір сүрудемін. Түп аталарым қызылордалық. 1932 жылы қызыл әскердің қыспағымен өзге жерге хижрет (көшкен) жасаған. Қият марқұм төртінші атам. Бүгінгі күні сізбен сау-саламат сөйлесіп тұруым бірінші Алланың, екінші Ардана Қият атамның арқасында.

— Сен үшін әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны? Одан қорғану дұрыс па?   
— Пайдасы – бір пікіріңді миллиондарға жеткізе аласың, зияны – уақыттың тым шапшаң өтіп кеткенін байқамай қаласың. «Фейсбуктан» қалай қорғану керектігін Цукерберг көкемнен сұрау қажет. «Фейсбук» — бұл үлкен бизнеске айналып кеттті ғой. Оның алдын алғысы келген адам желіге мүлдем кірмегені дұрыс деп ойлаймын.

— «Фейсбукте» кімдердің парақшасын оқып тұрасың?
— Бұрхан Абдулхаким, Өркен Кенжебек, Мұхаммеджан Тазабек, Тажи Абдилхаким, Режеп Ердоған.

— Болашақ қандай болса дейсің?
— Менің Алладан сұрарым, елімізде азанның үні ешқашан сөнбесе екен деймін және болашақта Қазақ Елі бірлігі жарасқан, тыныштықта өмір сүретін, өте қуатты мемлекет болсын деп тілеймін. Бұл үшін әрине барлығымыз бір мүддеде еңбек етуіміз қажет.

— Өзің сияқты жастардың өзге ағымға елтіп, еріп кету себебі неде деп ойлайсың?
— Көп отандастарымыздың діни сауаты аз. Бұған себеп бұрынғы коммунистік үкіметтің жүргізген саясаты. Халықтың көпшілігін атеизм мен басқа да «изм»  дейтін сенімдерге сендіріп келді. Әйткенмен Құдайға тәубе, бүгінгі уақытта дұрысталып келе жатырмыз. ҚМДБ жақсы жұмыс жасап жатыр.

— Адалдық, адал тамақтану, адал өмір сүру сен үшін аңыз ба?
— Адамның өзіне байланысты. Адам жүрегінде нені сақтаса көз алдында соны көреді. Әкемнің жақсы көріп айтатын бір сөзі бар: «Балам, жақсы жеп-іш, жақсы киін, әйткенмен бәрі адал болсын. Шүкір, барлық ісімде осы сөзді басшылыққа аламын. Мен үшін ол ешқандай аңыз емес.

— Өмір сүріп отырған қоғамыңа қолыңнан келсе қандай жақсылық жасағың келеді?
— Жақсылық деп аталатын барлық затты жасар едім.

— Адамның адамдығы неде?
— Ұлтына, тіліне, дініне қарамай жақсылық жасау.

— Біздің Қазақстан толеранттылық саясатын қатты ұстанады, Ата заңды ерекше құрметтейсің ғой сонда?
— Бұл толеранттылықтың емес, адамшылықтың заң-қағидасы. Депортацияға ұшыраған қаншама ұлтты аталарымыз бөлместен үйіне шақырып тұзымен, нанымен бөліскен заманда толеранттылық деген ұғым жоқ еді. Оның аты адамшылық болатын.

— Қандай тақырыптағы кітаптарды оқисың? Спортқа қалайсың?
— Тарихты оқығанды өте жақсы көрем. Мұхтар Әуезов көкемнің кітабын оқимын. Соңғы оқыған кітабым «Көшпенділер». Бұрын дзюдомен шұғылданғанмын, қазір «Street WorkOut»-пен айналысамын.

— Айтпақшы, «Көшпенділердің» соңғы бөлімін оқуға шыдамым жетпей тастап кеткен едім.
— Өкінішті, өте мықты кітапты оқи алмапсыз.

— Дос таңдап араласасың ба? Жалпы, досты қалай таңдау керек?
— Алдында ашылып сөйлей алатын досың болса, демек бақыттысың. Осындай дос барлық адамға қажет.

— Жалпы кім болуға ұмтыласың, мақсатың не?
— Адам баласы дүниеге жалғыз өзі келеді. Сол себепті өзге біреудің копиясы боп өткім келмейді. Біреуге ұқсауға ұмтылмаймын. Менің мақсатым — Алланың разылығы, еліміздің тыныштығы.
Кейбіреулер мансап қуып астанаға кетуді ойлайды, ал кейбіреулер өз қаласында қалып еңбек етеді.

— Түркістанды қаншалықты сүйесің?
— Түркістан, бұл қалада барлығы бар, тек бір зат жоқ, ертеңгі күнге деген үмітсіздік. Сол үшін бұл қала маған ерекше. Мен басқа қалалар жайлы өмірімде мүлдем нашар сөз айтқан емеспін. Ал басқа қалаға кету ойыңда болғанымен, тағдырыңа не жазылады, соны көреді екенсің.

— Өзіңді қаншалықты патриотпын деп есептейсің?
— Сіз менен манадан бері көкейіңізге келген сұрақтарға жауап алдыңыз. Берген жауабыма назар салып менің қаншалықты патриот екеніме үкім беріңізші. Үкіміңіз тек әділ болсын, қандай болса да.

— Айтпақшы жеке түскен суретің керек, фондағы фото анық емес.
— Фондағы суретімді пайдалануыңызға болады. Мәселе менің түрімде емес, ой-пікірімнің қандай болғандығында ғой. Қаласаңыз қоймай-ақ қойыңыз, мен оған түк те ренжімеймін.


Автордан: Нұриддинмен әңгіме барысында кейбір сөз мақамдарын, диалектикалық сөз қолданыстарын оқырманға шынайы жеткізу мақсатында әдейі өзгеріссіз қалдырдым. «Фейсбук» әлеуметтік желісінен Нұриддин Ардананың парақшасына кіріп шықсаңыз өкінбейсіз, салмақты маржанға толы дүниелермен қанығып шығасыз.

Әңгімелескен Жансая СЫДЫҚБАЙ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here