Домой Жаңалықтар Қоғам Эльвира Ерғалина, әуесқой қолөнерші: «Қолөнерден миым тынығып, сергіп қаламын»

Эльвира Ерғалина, әуесқой қолөнерші: «Қолөнерден миым тынығып, сергіп қаламын»

0
Эльвира Ерғалина, әуесқой қолөнерші: «Қолөнерден миым тынығып, сергіп қаламын»

10177919_652692621445867_1730887714740293026_nБүгінде жұмысбасты болса да қосымша табыс тауып жүрген жастарымыз қаншама. Көп жағдайда жұмыс пен қосымша кәсіпті қатар алып жүру оңай шаруа емес. Десе де, алдына үлкен мақсат қойған жастар үшін бұл мәселе кедергі келтіре қоймайды. Өзге салада жүрсе де қолөнер бұйымдарына уақыт тауып үлгеретін кейіпкеріміз Эльвира Ерғалинаны кішігірім сөзге тартқан болатынбыз.  

— Әшекей бұйымдарды қай кезден бастап жасай бастадың?

— Қолөнер бұйымдарын жасауға түбегейлі кіріскеніме 4 жылдай болды. Арнайы курсына барып, не бір адамнан сабақ алған жоқпын. Анам — тігінші. Кішкентайымнан көріп өскендіктен шығар, қолөнерге жақындығым. Бірақ, бертін келе тігіннен гөрі əшекей жасауды таңдадым. Менікі əуесқойлық қой, қолым қалт еткенде бір-екеуін жасап қоямын. Басында интернеттен көрген дүниелерді сіңліме жасап беріп жүрдім. Интернеттен суретін көрген құрбыларым да жасап беруімді өтіне бастады. Кейін басқа адамдардан да тапсырыс түсе бастады. Солай өнімдерім арқылы табыс табуға болатынын түсіндім. Қазір қосымша табыс көзі десем де болады.

10343656_768220583226403_9135040667309855278_n— Құпия болмаса айына қанша тапсырыс аласың?

— Айына мынанша тапсырыс аламын деп айта алмаймын. Жұмыстан, басқа да шаруаларымнан қалатын уақытқа байланысты қарап көремін. Үлгеруге тырысамын. Кейде бір бұйымды «əне бітірем, міне бітірем» деп отырып, таңды атырып жіберемін. Сосын тəулік бойы ұйқысыз жүруге тура келетін кез болады. Бірақ, шаршамаймын, керісінше миым тынығып, сергіп қаламын.

— Әшекей бұйымдарды жасауда фантазия қаншалықты бай болуы керек?

— Енді, әшекейдің материалдарын алдымен арнайы фурнитура дүкендерінен іздеймін. Бір тас ұнап қалса, акцентті соған бере отырып, қандай əшекей жасауға болатынын елестетемін. Миымда бірнеше нұсқа пайда болып, біреуін таңдаймын. Соған сай сосын басқа да тастарды таңдаймын. Көп клиенттер бұйымдарымның эскизін сұрайды. Ал менің эскизім миымда тұрады ғой.
Шығармашылық адамдарының бəрінде бола ма, білмеймін, шабыт деген дүние бар. Шабытым бір ашылса, 2-3 күн бойы тоқтамастан 10-20 шақты бұйым жасап тастаймын. Соны «Инстаграм» әлеуметтік желісінен көргендер сатып алады. Содан кейін шабыт басылады. Біраз уақыт қолөнерге мүлде жақындамай кетем. Бір-екі аптаға созылады. Тапсырыс та алмай қоятын кез болады. Бірнеше күннен соң қайтадан шабытым ашылып, солай-солай жалғасады. Хобби болғандықтан шығар, тұрақты түрде жасамаймын.

— «Эльвираның әшекейін сатып алдым» дейтін бренд-бутикті қашан көреміз?

— Жоспарым көп, тек жүзеге асыруға мотивация жетіспей жүр. Әйтпесе, өзіңіз айтқандай бутигімді ашып алатын уақыт жетті негізі.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here