Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи монументті салтанатты түрде ашты.
– Құрметті отандастар! Қымбатты жамбылдықтар! Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын! Елордамыз Астанадан басталған ұлы той 2000 жылдық тарихы бар Таразда жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін өте керек. Біз кезінде өз тарихымыздан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз тереңнен екенін жастарға көрсетпесек, «Мәңгілік ел» идеясы орындалмайтын болады. Сондықтан көне тарихымызды жер-жерден іздестіруіміз керек. Жазып, жинап, насихаттауымыз қажет. Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Керей мен Жәнібек ту көтергенде, тарихта «Қазақ хандығы» құрылды. Әсіресе өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз біздің тарихымыз терең екенін білуіміз керек. Соңғы кезде экономикалық қиындықтықтарға қарамастан осындай ескерткіш қойып отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы бүкіл халықтың мерекесі. Осы мерейтойға байланысты Тараз қаласының іші-сырты абаттандырылды. Бұған барлық қазақстандықтар атсалысты. Оларға алғыс айтуымыз керек. Осының бәрі біздің ұрпақтың ата-бабалардың аманатына, ұлы далаға деген тағзымыздың көрінісі болып табылады. Осы тойға келген барлық ағайынға рақметімізді айтамыз. Қазақ хандығының550 жылдығы мерейтойы қазақтың тарих қойнауынан өсіп келе жатқан ел екенін көрсетеді, – деді Елбасы.
Айта кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің биіктігі 30 метр. Монумент қаланың батыс бөлігіндегі «Тараз-Арена» Спорт сарайына қарама-қарсы орналасқан.
Монументтің ашылуына белгілі зиялы қауым өкілдері де қатысты. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Мекемтас Мырзахметұлы, Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин, Шөмішбай Сариев, т.б. елге белгілі азаматтар бар.