Домой Жаңалықтар Алматы облысының әкімі жұмыс сапарымен Сарқан ауданында болды

Алматы облысының әкімі жұмыс сапарымен Сарқан ауданында болды

Алматы облысының әкімі жұмыс сапарымен Сарқан ауданында болды

Алматы облысының әкімі жұмыс сапарыЕлбасы Н. Назарбаевтың Алматы облысына жасаған іс сапары кезінде Алматы облысына еліміздің қант қызылшасын өндіруші негізгі аймақ атағын қайтару тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында облыс әкімі облысқа қарасты қант қызылшасын өсіруші барлық аудан, қалаларды аралап, тәтті түбірді жинау науқанымен жеке танысуда.

Кеше Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Сарқан ауданында болды. Сапар барысында ауданның қант қызылшасын өсірген шаруа қожалықтарының егістік алқаптарымен және ауданның құрылыс нысандарымен танысты.

Бірінші кезекте өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы аудандағы «Самал» шаруа қожалығының алқабына барды. Шаруа қожалығының иесі Ермек Қалиев өзінің жер аумағына себілген қант қызылшасынан алынған өнім жайында ойымен бөлісті.

—  Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан бойынша қант қызылшасының мол көлемін жинағандардың қатарында болатынмын. Сол кездегі тәтті түбірді өткізетін зауыттың толық қуатымен істемеуінің салдарынан өнімді өткізу кезінде көптеген қиындықтар туындады. Өнімді өсіруге кеткен шығын өзін-өзі әрең ақтайтын. Бұл өнім жақсы күтімді де қажет етеді.  Содан 4 жыл бойы қант қызылшасын егуді тоқтатқанбыз. Міне осы жылы бұл өнімді өсіруді қайта қолға алдық. 7 га алқапқа қант қызылшасын ектім. Өнімділігі жақсы. Әр гектардан 500 центнерден жинаудамыз. Мемлекеттен де ауыз толтырып айтарлықтай көмектер алудамыз. Мәселен, Көксу қант зауыты өткізген әрбір тонна қант қызылшасына 13 мың теңге төлейді. Одан бөлек әр тоннасына 1500 тг. көлемінде мемлекеттен төлемақы қарастырылған. Өнімді егістік алқабынан зауытқа дейін жеткізу кезіндегі жол шығындарының 40 % дотацияланады. Бүгін зауытқа өніміміздің бірінші көлемін жеткізгелі отырмыз. Шығындарымның қайтарымы екі-үш есе. Өнімді жинауға аудан жастары да жұмылдырылған. Алқапта 100 адам еңбек етуде. 1 га. жиналған өнім үшін 25 мың теңгеден төленеді. Жалпы айтқанда Елбасының қолдауымен бүгінде қант қызылшасын өсіретін шаруаларға мемлекеттен субсидия бөлініп, арнайы техника, сапалы тұқым, жанар жағармай сатып алуға көмек көрсетілуде.

Облыс басшысы алқапта еңбек етіп жүрген жастарға арнайы жақындап, өзінің мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде де дәл осылайша қант қызылшасын теруге ат салысқандығын, ол еңбегі үшін қандай да бір ақы төленбегендігін айтып, қолына орақ алып бір-екі қылшаның жапырағын бір серпігеннен-ақ шауып түсірді. Өз сөзінде жастарға тек маңдай термен, адал еңбекпен табылған әрбір теңгенің ғана қадірі болатындығы, еңбек адамды биік жетістіктерге жетелейтіндігі туралы ақылын айтып, батасын берді.

Осы шаруа қожалығының күтіп-баптаушысы Исатай Нәбиевтің сөзіне қарағанда жұмысшылардың жалақысы жоғары, қожалық иелері жұмысшылардың жағдайына көңіл бөлуді еш ұмытқан емес. Өнім бітік шығып жатса жыл соңында қант түрінде сыйақы беріледі екен.

Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының сұрақтарына қатысты шаруа қожалығының басшысы Е. Қалиев бұрын-соңды өнімнің осындай көлемі болмағандығын және осы жылдың жоспары ойдағыдай аяқталса алдағы уақытта егілетін қант қызылшасының көлемін арттыратындығы туралы сөз берді.

Келесі кезекте облыс әкімі ауданға қарасты Бақалы ауылындағы «Есімжанов» шаруа қожалығының қызылша алқабына тоқтады. Аталмыш қожалықтың иесі Серікжан Есімжанов қант қызылшасынан мол өнім алған облыстың алдыңғы қатарлы шаруаларының бірі. Өзіне тиесілі 25 гектар жер алқабына 6 шақырым қашықтықтан канал тартып, 7 жерден көпір өткелін орнатып, оған осы жылы тәтті түбір егіп, оны өсіріп-баптап, бүгінде бір гектарынан 700 центнерден астам өнім жинағандығының куәсі болдық. Алқаптағы жұмыстардың басым бөлігін арнайы техникалар атқарады. С.Есімжанов 25 га. алқапқа егілген өнімнің 11 гектарын жинап үлгерген. Тәтті түбірдің тұқымы франциялық «Авантаж» сұрыпынан, салмағы 4,5-5 келіге дейін жетеді. Биылғы жылы өз алқабынан 2000 тонна тәтті түбір жинау жоспарының бар екендігін атап өтті.

Шаруа қожалығының иесімен сұхбат барысында өңір басшысы осы аталған шаруа қожалығының өнімдері жүк көліктерімен уақытылы Көксу қант зауытына жеткізілуін, жеткізілген өнімнің ақысы көп күттірмей төленуін қамтамасыз ету және игерілмей жатқан жерлердің иелерінен заң шеңберінде жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, игеру шамасына қарай Серікжан секілді еңбекқор азаматтарға беру қажеттігі туралы облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіров пен аудан әкіміне нақты тапсырмалар берді.

Осыдан кейін ауданның ауылшаруашылық бөлімінің басшысы облыс әкімі Амандық Баталовты аудандағы ауылшаруашылық мақсаттағы 5 ірі шаруа қожалықтарының жұмысымен және алдағы уақыттағы жоспарымен таныстырып өтті. Бұл көрме аудандағы ең ірі алма бағының аумағында ұйымдастырылды. Алма бағы 100 гектарға отырғызылған. Әр гектарынан 10 тоннаға дейін алма жиналады деп күтілуде. Бұл өз тарапынан ауданның экономикасына үлкен септігін тигізері анық.

Облыс әкімінің келесі тоқталған жері Лепсі өзенінің бойында салынып жатқан «Лепсі-2» су электр станциясы болды. Құрылыс жүмыстарын жүргізіп жатқан «АСПМК» ЖШС басшылығы облыс әкімін бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен таныстырды. Бүгінде гидростанцияның бес негізгі нысаны бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Платинаның 80%, негізгі станцияның 60% аяқталуға жақын. Сонымен қатар генераторлық турбина қойылып, аралық станция салынуда. Нысанда 130 адам жұмыспен қамтылған. Барлық қажетті материалдар уақытымен жеткізілуде. Нысанды қараша айының соңына дейін салып біту жоспарлануда. Станцияның қуаты 17 мВт.

Мердігер құрылыс мекемесінің таныстыруынан кейін облыс әкімі нысанды белгіленген уақытта бітіру, барлық құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін осы аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу және станция аумағы мен оған жеткізетін көпірде күзет қойылсын деген тапсырма берді. Бұл нысанның ашылуы салтанатты түрде өтетіндігін де ескерте кетті.

Облыс әкімінің келесі тоқтаған жері – Черкаск ауылдық округіндегі «Мадьяров» шаруа қожалығы. Бұл қожалық қант қызылшасын егумен айналысады. Мұнда өніп шыққан қант қызылшасының тәттілігі 14,9 % құрайды. Қызылша неғұрлым өсіп тұра берсе оның құрамының тәттілігі де арта түсетін көрінеді. Шаруа қожалығының алдағы жылдарға деген жоспары нақты, мақсаты анық. Жұмыстың барлығын арнайы автоматтандырылған техникалар атқарады. Қолмен теруді қажет етпейді. Осы күнге дейін қант зауытына 600 тонна қызылша өнімін өткізіпті.

Облыс әкімі қожалықтың иелігіндегі алқаптың тегіс, әрі суғаруға қажетті арық суы мол, ыңғайлы жерде орналасқандығын назарға алып, қызылша тұқымдарының арасын тым жиі орналастырмай, араларын алшақ қылып отырғызған жағдайда өсіп шығар өнімнің іріленіп, мол өнім алуға мүмкіндік туатындығын ескертті.

Сапар барысында облыс әкімі осы маңда орналасқан, «Черкаск қорғанысы» атауымен  тарихта өшпес із қалдырған соғыс қимылдарына арналып 1968 жылы салынған мұражайды тамашалады.

Естеріңізге сала кетсек Черкаск қорғанысы атауымен тарихта қалған азаматтық соғыс 1918 жылдың маусым айында басталып, 1919 жылдың 14 қазанына дейін жалғасқан қанды оқиға. Черкаск қорғанысын ұстап тұрған Жетісу фронтына 5-ші Сібір атқыштар дивизиясы мен атаман Б.Анненковтың партизан дивизиясы шабуыл жасаған. Черкаск қорғанысының ұзындығы 70 шақырымға созылған. Жаудың жолына қорғанушы тарап бір жылдан астам тосқауыл болып, өз жерінен өткізбей, негізгі күштердің жасақталуына мүмкіндік берген. Мұражайда сол кезеңдегі сұрапыл соғыстың кей сәттерінің мүсіннен жасалған көріністері, сол кездегі ерлігімен көзге түскен батыр тұлғалар, олар туралы жазба деректер, қолданған қару-жарақтары және ең бағалы жәдігері саналатын 1904 жылы Обухов болат құю зауытында жасалған зеңбірек қойылған.

Мұражайдың осы күнде қордаланып қалған мәселелері де аз емес көрінеді. Соңғы рет мұражайға ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізгелі де біраз жылдардың жүзі болыпты. Осы аталғанды назарға алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

Тарихты  ұмытуға еш болмайды. Мұражай деген естелік. Мұражайға шет елдерден арнайы қызығушылық танытып келушілердің барын ескере отырып, осы мұражайды қалпына келтіру, мұражайға жеткізетін жол салу және жол бойында көше шамдарын орнату туралы құзырлы мекеме басшыларына тапсырма беретіндігін атап өтті.

А.Баталов Сарқан ауданына жұмыс сапарын биылғы жылы жаңадан салынған орталық жылыту қазандығымен танысумен аяқтады. Осы тұста облыс әкімінің аудан басшылығы мен жылыту маусымына жауапты азаматтарға бірнеше сын ескертпелері айтылды. Сондай-ақ жылыту маусымына қазандық толықтай сай болуын қаперде ұстауын аудан әкіміне тапсырды. Өз кезегінде өңір басшысын қазандықтың құрылымымен таныстырған нысанның құрылысын жүргізген мердігер мекеме өкілі жылыту қазандығының 3 негізгі қазаннан тұратындығын, қаланың ішімен 4,6 шақырым жылу жүйесі жүргізілгендігін, қатты отынға деген қажеттілігі 7171 тоннаны құрайтындығын, онда 51 адамның еңбек ететіндігін, жалпы 28 мемлекеттік мекеме ғимараттарын, 9 көпқабатты тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды жылумен қамтамасыз етуге арналып салынғандығын атап өтті.

Жаңа жылыту қазандығының жас мамандарын үйрету, оларға іс-тәжірибелік нұсқаулық беру мақсатында Талдықорған қаласындағы «Басқуат» жылыту қазандығында талай жылдар еңбек еткен жылыту қазандығының шебері Валерий Шмегалев арнайы шақырылған екен.

Қазандыққа қатысты сөзін қорытқан облыс әкімі жылыту маусымы кезінде қазандықтың жұмыс істеп тұруына қажетті қатты отын көлемін жеткізілу жолдары, одан шыққан күл қалдықтарының шығарылатын орны, білікті мамандарды жұмысқа тарту үшін оларға қажетті жағдай жасауды, ең бастысы жылыту маусымы кезінде оқыс жағдайлардың болмауына баса назар аудару қажеттігін ескертті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here