Талдықорған қаласындағы IV Қазақстан жазғы спартакиадасы ауыр атлетика турнирімен аяқталды, онда 3 рекорд жаңартылды.
Жарыстарға еліміздің 13 облысы мен екі қаласының спортшылары қатысты. Спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпы медальдық есепте үздік үш команда анықталды. Бірінші орынды Алматы облысы, екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысы иеленсе, «қола» Қызылорда облысына бұйырды, деп хабарлайды ҚР Ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Спартакиадада спортшылар Қазақстан рекордын орнатты:
Карина Горичева (69 келі) қос сайыс қорытындысы бойынша 261 келіні көтерді;
Александра Аборнева (75+ келі) 170 келіні «жұлқа көтерді»;
Селимхан Әбубәкіров 445 келіні (200+245) бағындырып, өз салмағында (105+ келі) абсолютті рекордшы атанды.